Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  212


Автор: Исраил Сапарбай

АҚСАҚАЛҒА ЗӘРУМIН...

Ақсақалға зәрумiн, ақсақалға,
Ақ сақалы ұқсайтын ақша қарға.
Бұлбұл ұшты-ау көзiмнен бүгiндерi
Ақ сапарға аттанған жақсы атам да...
Тұяғына тұлпардың Ай тағалар
Қариясыз қай көңiл жай таба алар?
Бiлгiрлерiм қайда жүр, алғырларым,
Болашаққа бүгiндi айта барар?
Жай ұғысып бас буын, жас талаппен,
Ел басқара бiлетiн қас-қабақпен,
Қариялар бар ма екен арамызда
Ұрпағына ғұмырын дастан еткен?!.
Жанын түйiп жүретiн орамалға
Кәрi-құртаң данагөй бола алар ма?..
Келгенi де бiлiнбей, кеткенi де
Iзiм-қайым жоқ, әлде, жоғалар ма?
Қалтаңдаған қайықтай қаңбақ шалдар,
Қайтiп аман қаларсың, жан бақсаңдар?
Ет-жүрегiң езiлiп елiң үшiн
Зар қақсаңдар қайтедi, зар қақсаңдар?!
Қоражай мен шықпайтын от басынан
Шал-шауқанда шаруам жоқ шөп тасыған...
Елiм деген ер болса,
Ескерткiшiн
Самарқанның соғар ем көк тасынан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу