Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  61


Автор: Талап Қараш

Көктемді аңсау

Көктем туып келеді, көктем туып,
Қыстап қалған іштегі өкпемді ұғып.
Енді аз күнде қарайды сұлуларға,
Күннің көзі тамсана көктен күліп.
Поэзия ше, ол да енді оянады,
Қызыл гүлге бөктерлер боялады.
Сонда мені табады іздегендер,
Үйден емес сайлардан доланалы.
Бір қара көз сыртымнан қадалады,
Тар бөлмеге жырымды қамағалы.
Ия, солай, сыр бермей шырқалады,
Қу тірліктің өзіңсіз жадау әні.
Көктем туып келеді, көктем туып,
Жердің беті қара сұр шекпен киіп.
Қария қыс дөңбекшіп күңкілдейді,
Өткен күндер елесін өткел қылып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу