Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  139


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Бала – адамның бауыр еті

1
Қанша уақытты рәсуа ғып өткіздім,
Желден шылбыр болмаса да, от – тізгін.
Ғылым сонша жаңалықты ашқанмен,
Түсінбейтін білмесіміз көп біздің.
Қадым шақтан шешілмеген дау есеп,
Соның сырын тыңдауға да әуес ек.
Баспасөздің жазғанына сенбейміз,
Неге бізді сендіреді қауесет?!
Қиыр қонып, білмей жүрген біз ғана,
Білгіштердің ойы қандай ызғар, ә?!
Жеңілауыз білімдіден шыққан сөз:
“Қызғаныштан жаратылған қыз бала”.
Тыңдап тұрсаң сөйлейтіндер кіл дана,
Көзқарасын өткізеді тұлдана.
Көп білгірдің тағы бірі айтыпты:
“Ізгіліктен жаратылған ұл ғана”.
Жазуынан кім қашады маңдайдың,
Әзілімен сырласады таңдайдың.
Мен осының біріне де сенбеймін,
Мен осының біріне де нанбаймын!
Жан шатағы болмаса да күлгенбіз,
Пәлсапаны талай естіп жүргенбіз.
Бір-ақ сәттен жаралады екеуі –
Бір мақсаттан таралады ұл мен қыз.
2
Бала – әке-шешенің зейін құсы,
Пейіш екен он беске дейінгісі.
Отқа, суға түсіріп сынайды екен
Кәмелетке толғаннан кейінгісі.
Әлпештеген әу бастан балапаны,
Өскен сайын жүйріктей жаратады.
Жұмыс істеп жалақы таппаса да,
Жүз қышиды күніне алақаны.
Жерден іздеп,
Аспаннан тілегені,
Жылдан-жылға дамиды тіл өнері.
Туысыңмен мыңжылдық табыстырып,
Жер түбіне жолаушы жібереді.
Бала –баулып өсірген қыз бен ұлың,
Алақанға маржандай тізген ұғым.
Бойыңдағы мініңді кешірместей,
Болмай жатып үйреткен бізге білім.


3
Бала – әке-шешенің бауыр еті,
Бүгінгі үміт, ертеңгі қабілеті.
Баласынан айнадай көрінеді:
Әкесі мен ананың әділеті.
Жалғыз бала – әулеттің жалған ізі,
Елге көз ғып қарғайтын жалмауызы.
Көк сүт болып көлкиді тәрбиесі,
Қаймағында кеткендей бар маңызы.
Демеу болар сүйеніш – екі бала,
Сәл тұтанған көңілдің оты ғана.
Ет пен тері арасы көбіктеніп,
Содан соң ғой төзбейді... оқыраға...
Едел-жедел өскені үш баланың –
Қылшылдаған жүзіндей ұстараның.
Құстай ұшқыр көңілдің күйін шертіп,
Ата-анасы шырқайды “Құстар әнін”.
Шырқаушы еді биікке ән бағынбай,
Бағындырған нарыққа жалғаныңды-ай!
Қашан болсын көңіл тоқ,
егер балаң
Төртеу болса, қара өлең тармағындай.
Кетпеу үшін тағдырға есең кенет,
Керек емес көсем ой,
шешен дерек.
Әулетті мықты ұжым болу үшін
Әулетіңде баладан бесеу керек!


4
Жақсы бала – шөлбасар сусын бағы,
Қонақтаған көңілге мың сырлы әні.
Ештеңе етпес ұлыңның жұлысқаны,
Қиын тиер қызыңның сусылдағы.
Сәбиінде сезілмей тықылдауы,
Ата-анаңның кейін ғой қыпылдауы.
Қойып кетер шылымды шеккен ұлың,
Қиын болар қызыңның сыпылдауы.
Сүйсіндірсе, жақсыдан үйренгені,
Түйсіндірер оңаша күйбеңдеуі.
Есті болса ұл қояр боқтампозын,
Ауыр соғар қызыңның сүйреңдеуі.
Толғанасың пысық боп, пісіп-кепсе,
Қорланасың теріс ой күшіктетсе.
Ең ауыры – нашақор болғаны да,
Ең қиыны – жазылмай ішіп кетсе!
5
Балаң кенет түсірсе беделіңді,
Біле де алмай қаларсың не деріңді.
Мығым жүрмін десең де,
өзің балаң
Тауысады табаннан бедеріңді.
Жіберместей тізгіндеп ұстармысыз,
Тар шеңбермен жүргізіп қыстармысыз?
Қиын екен болғаны бауыр етің
Көпшіліктің ішінде іске алғысыз.
Талап, еңбек, терең ой – септесе ме,
Міндет пе екен жазылған тек кешеге?!
Шықпай жүрген атыңды бір шығарар.
Шектен шығып бұзық боп кетпесе де.


6
Жүз шайысып бала үшін көршіңмен де,
Жасиды екен намыстан өршіл пенде.
Тектісі бар балаңның, тексізі бар,
Жарамаса қайтерсің қол сілтеуге?!
Бала – әке-шешенің зейін құсы,
Өзі-ақ адам болады бейімдісі.
...Балапанын түлетіп ұябасар,
Серпілгісі келеді, сейілгісі!


7
Айтуға оңай. Қымбат қой бала деген,
Балаң болса, отың да жанады ерен.
Жаңа келген сәбиді дүниеге
Қайта-қайта көрмек боп бара берем.
Қалай өсіп толысар жан-жүйесі,
Не болады болашақ тәрбиесі?!
Бесік жырын беріліп шырқай ма екен
Бөбегінен басқаға әнді иесі?!
Тумай жатып үйретіп бар ақылын,
Ана сүтпен дарытып ана тілін,
Қара табан болғанша ұйқы көрмес,
Бала тыным алса да, ана тыным.
Үміт-күдік аралас болашағы,
Жақсылыққа бағыттап жол ашады.
Анасы әкеп үйірге қосқанымен,
Бала көңіл аңсайды оңашаны.
Бала көңіл қай-қайда алып қашар,
Жастайынан үйренсін, жарысқа сал.
...Түбі қазақ екенін ұмыттырма,
Ұлттық сана-сезімі қалыптасар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу