Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  134


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Сағыныш хат

Қайдасың, Шыңғыстайдың түлектері,
Қай заман бірге жүрген жыл өткелі?!
Сарғайған сағыныштан болар деймін,
Құбылып, құйқылжыса жүрек, тегі.
Менде айып: хат жазбадым, хат та алмадым,
Сырымды, жырымды айтып ақтармадым.
Шыққанша арнасынан сағынышым,
Үн-түнсіз белгі бермей жатты арманым.
Қозғайын жайма-шуақ дүрліктірмей,
Болсын деп бәрімізге шындық бірдей.
Ұядан қанат қағып ұшқан соң-ақ,
Біріміз-бірімізді жүрдік білмей.
Өзен боп тасығандай бақ тізеден,
Нешеу ек арман қуып, сап түзеген.
Арманшыл менің құрбы, достарыма
Бақыттың нұрлы таңын атқызып ең.
Кеткендей балалыққа бұғалық сап,
Жеткендей жігіттікке бір-ақ ұқсап.
...Шын бақыт тілеп тұрған ұстаздар-ай,
Біздерді үлкен жолға шығарып сап.
Ұзадық сол кеткеннен шырқап алыс,
Күтіп тұр алдымыздан бұрқаған іс.
...Бәріміз түгел түтін түтеткенде,
Жүріпті мені күтіп бір қара қыз.
Тартылған тағдыр жолы сан-сапалақ,
...Таратқан шұғыласын таң шапағат.
...Жалғызбын, жалғыз қалып көргенім жоқ,
Әкетті достар сүйеп, талса қанат.
Айқарып ашқан өмір кең құшағын,
Шырқайтын бар дауыспен келді шағым.
Күніне тоқсан тоғыз армандаймын,
Өлеңнің жағайын деп мәңгі шамын.
Қайдасың, Шыңғыстайдың түлектері,
Қай заман бірге жүрген жыл өткелі?!
Сарғайған сағыныштан болар деймін,
Құбылып, құйқылжыса жүрек, тегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу