Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  84


Автор: Гүлжаһан Қыдырмоллақызы

Алаулаған ақ сағым

Ойлайым кейде мұң шағып тұрып айтарда,
Айтпасам ашып абайсыз пенде байқар ма.
Құлшынып тұрған көңілдің еркін құптарда,
Есіңе түсер әттең деп басты шайқарда.
Дүлдүлім қайда сағымды шалар сайранда,
Бұлбұлым қайда ақтаңды желпір сайрарда.
Жыр гүлім қайда құлпырып тұрған көгінде,
Сырларым қайда, қалды ма құмды қайранда?
Бақытым қайта түсті ме тайып маңдайдан,
Шаттығым қайда күлкісі күміс таңдайдан.
Өтем бе деуші ем өкпемді тістеп өмірден,
Шыға алмай мәңгі шаң қауып шерлі шалғайдан.
Шағым ғой ол да ағыма қара жағылған,
Аспаным бұлтты, қаралы-ау қара жамылған
Жоқтауым болып жырларым қала жаздады,
Айырылып сонда кетсем сол шыбын жанымнан.


Көлкиді енді көгімде аппақ нұр тұнып,
Қалғандай анау қара бұлт дар-дар жыртылып.
Арманым деген алдағы күннің қуаты,
Тұрғызды мені алдым-ау қунап сілкініп.
Ұмыт боп қалды тілсе де тағдыр етімді,
Жарам да менің жазылып орны жетілді.
Құдырет, содан құлпырып шыға келіппін,
Жауыннан соңғы көктемнің гүлі секілді.
Көңілімде содан көкпеңбек шалғын көктем жүр,
Көңілімде содан көктемгі жаңбыр мөп-мөлдір.
Көңілім содан шабыттың бұлтын шақырып,
Жер ана жусап жотасын төсеп төккен жыр.
Қойшы енді ол күнді, демеймін әсте сорлымын,
Алмасын енді босаға басып, төрді мұң.
Кегімнің оты жанымда тұрған жарқылдап,
Гүл қылып егіп, жыр қылып берді қорлығын.
Бүгінгі жырым, бүгінгі сырым бір басқа,
Толқиды ылғи толғамы күшті бір баста.
Сыр қылып сақтап, жыр қылып жаттап жүретін,
Ақынға осы бақыт та, сор да құрдас па?
Куәсі осы тіршілік десе барымның,
Куәсі осы өлеңім аппақ арымның.
Өлеңсіз, жырсыз өкініп өткен күнім жоқ,
Қуансам аспан, сорлансам сүйер сабырым.
Сапарда тірлік өлеңге солай ат салдым,
Мақтаным мақтан, пейілмін мейлі тақсаң мін.
Жарқылдап өтем жанымның барда жарқылы,
Өлеңім осы алаулап тұрған ақ сағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу