Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  368


Автор: Тұрсын Жолымбетқызы

Қара таудың басынан көш келеді

Қаратаудың басынан көш келеді,
Көш келеді,
Түсіреді еске нені?
Ақтабан шұбырынды сол заманда,
Қиын күндер басынан кешкен еді.
Ат жалында ас ішкен қазағымның,
Бейбіт күндер көкейін тескен еді.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көш тарихы бүгінге ессе енді.
Жел өтінде желбауын шешкен еді,
Алауламай оттары өшкен еді.
Шерлі тарих шерткенде қариялар,
Сөз етеді еріксіз көшкен елді.
Тұлпарлары су ішіп ауыздықпен,
Ерлері етікпен су кешкен еді.
Еске алсақ еріксіз көшкен елді,
Көштің жолы үмітін кескен еді.
Хикаяттан естіген бүгінгі ұрпақ,
Жау алғандай жағадан сескенеді.
Қаратаудың басынан ел көшкенде,
«Қара нардың бұйдасын жау кескенде»
Киіз үйдің үзігін оқ тескенде,
Әділдік жауыздықпен белдескенде.
Қаратаудан, даладан үркіп көшкен,
Жауыздықтан, жаладан қорқып көшкен.
Талай ұрпақ тоналып жау қолында,
Ардагерлер азапты торға түскен.
Баспана киіз үйі, орда қалған,
Жау басым кеп байлығы олжаланған.


Сонда да шаңырағын тастамаған,
Алтын-күміс, қазына жолда қалған.
Айсыз түнде ұзақтай шулап көшкен,
Мекенінен айырылып жылап көшкен.
(шыбын жаным арымнан садаға деп)
Халқын қорғап жауларын жақап көшкен.
Еске алып ақ найзалы батырларын.
Көшкен ел күйін шертед бастан кешкен.
Ал бүгін Қаратаудан көш келеді,
«Қара жорға тайпалтып бос келеді».
Замана қазіргідей нұрланбаса,
Көшке кім есе, теңдік, дес береді.
Арман боп абыржусыз тыныш қоғам,
Көшкен елдің көкейін тескен еді.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көтеріп мал-басы тең өскен елді.
Ай сәулесі түңлігін ашқан елді,
Күн нұрын шаңырағына шашқан елді.
Көш байсалды, қонысы жайлы болған,
Осындай күн көкейін тескен елді.
Сұрасаң, Қаратаудан көшкен елді,
(Қайқы құйрық бөрбасар көшке ереді).
Жылқы айдаймын өрістен төгілдіріп, ...
Жүрген жерім күнде той дескен елді.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көрсетіп мәртебесі өскен елді.
Ұлағатын дүниеге мойындату,
Ұлтымыздың көкейін тескен еді.
Заманымның кеңіді көшкен елі,
Күлкі үйрілген жүзінде шаттық лебі.


Халықты мәпелейді анасындай,
Майда қоңыр тауымның ескен желі.
Десеңдер бүгін қазақ қайда көшті,
Сар жайлау саумал аңсап тауға көшті.
Тұрмысы тынышты деп ойға көшті,
Ауасы тынысты деп далаға көшті,
Оқу-білім, ғылым деп қалаға көшті.
Торқа киіп, жорға мініп сәнмен көшті,
Кестелі кежім жауып нармен көшті.
Мыңғырған төрт түлігі отармен көшті,
Жайлы деп жанға рахат мотормен көшті.
Өрісі кең, өресі биіктеген,
Теңелді иық ел ара иықпенен.
Қуанып елдігіме, теңдігіме,
Заманның қасиетін біліп келем.
Астанадан көргенде киіз үйді,
Кеткендей болды көкке тиіп төбем.
Мен осындай өмірді сүйіп келем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу