Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  120


Автор: Әуезхан Қодар

Тазша бала, немесе, таз болмыспен тiлдесу

Қазақ өте дегдар халық ежелден,
Ернi оның жоқ iздеуден кезерген.
Тануға жоқ шын асылдың бағасын,
"Тазша бала" деп атаған данасын.
Тазша бала я қарт емес, жас емес.
Жансыз деуге тағы болмас - тас емес.
Жанды жерi - қышуы мол тақырбас,
Тақыр басын тазша бала жасырмас.
Ол бейшара ойшыл түгiл адам ба?
Жарамас ол балпаң-балпаң қадамға.
Орныға алмас ерге де ол, таққа да,
Тым жұпыны мансап пенен баққа да.
Боз отаулар қырды жапқан жұртында
Оның орны - мал қораның сыртында.
Қанша артсаңда, оның жүгi жүк емес,
Оған берген уәде де түк емес.
Асауларды ниетi бар көкiмек,
Тазша бала қылды бiздiң ұкiмет.
Тазша бала, тазша тiрлiк, таз болмыс...
Азғанына, жазғанына мәз болмыс.
Мезi болып көктен Жердi табалар,
Айдалада дың тұрғызған бабалар.
Дыңдары оның дiндарларға қарсы едi,
Тың тыңдаумен жаңалыққа жаршы едi.
Жер мен көктiң сақшысындай қақия,
Ешнәрсенi жiбермедi қапия.
Тазша да сол дыңы едi ұлтының,
Iшке жұтқан "дымы" едi жұртының.
Тумай жатып шаштан ада, аш қарын,
Аш қарынмен сезе бiлдi асқарын.
Тумай жатып уайымнан қартайды,
Шаш өспедi қамалаумен бар қайғы.
Өзi қанша бойлағанмен тереңге,
Тазша болып көрiндi ол кереңге.
Сөзге керең қай ұғымды жарытсын,
Айту да ерсi кереңдерге барып сын.
Тазша - тұл ой, жетiм боздақ мекенсiз,
Ешнәрсенi қабылдамас секемсiз.
Шекарасы ол күйiк пенен түйсiктiң,
Биiк дың мен иткүркедей үйшiктiң.
Ойдың бәрi - туып бiтсiн, тумасын,
Тазша екеңнiң туысы мен тумасы.
Тазша - досы гректердiң, Мысырдың,
Бұзауы ол буаз болған қысырдың.
Тазша - Қорқыт... Қимайтындай оң шама
Кiмдi Қорқыт қорқытыпты соншама?
Кiмдер бiздi Тазша қылды, таз қылды?
Сарқылмайтын молшылықты аз қылды?
Неткен билiк емшек сүтiн суалтқан?
Қуантса егер, жоқшылықпен қуантқан.
Көздiң майын, басыңдағы миыңды ап,
Жарылқаса, жарылқаған тиындап.
Неткен билiк жоқ-жiтiктi көрмейтiн,
Орда жатып өзiн-өзi зор дейтiн?
Неткен билiк ел мұңына семiрген,
Туған елiн қу сүйек қып кемiрген?
Неткен билiк мұнай сатқан, қар сатқан?
Бәтiңкiдей құдай сатқан, ар сатқан?
Неткен билiк ескiрмейтiн, тозбайтын?
Мәңгiлiкке қаламын деп боздайтын?
Неткен билiк еш билiкке тоймайтын?
Таз қып бiтпей бар әлемдi қоймайтын?
Тазша бала, тазша сауал, таз билiк...
Бас көтерсең айта қалар наз билiк.
Қандай едiң бұрын, ендi қандайсың?
Хан көрмеген, жан көрмеген жандайсың.
Құл қылыпсың, тұл қылыпсың бәрiн де,
Жастар азған, алжығандай кәрiң де.
Шеттеу қалып мейiрбанды назардан,
Шыңғысхан жүр рэкетир боп базарда.
Ақсақ Темiр киоскiде етiкшi,
Жаңа iсiне болып апты жетiк шын.
Қаздауысты Қазыбегiң шет елде,
Қайыр сұрап қол жаяды отельде.
Айтекенiң бар тығылған апаны
Болып шықты Төле бидiң шапаны.
Төле биiң Үкi көзi теңгедей
Қалталыдан саналады ең кедей.
Барлық елде, салтанатқа ғашық тым,
Ұлы жүздiң филиалын ашыпты.
Абай отыр күзетшi боп гаражда,
Соңғы ақшасын жұмсап нан мен "Таразға".
Жамбыл болса тойын тойлап Мәскеуде,
150-де иiскелейдi жас кеуде.
Қабанбай жүр хатшы болып орысқа,
Доллар санап миы Әбден толысқан.
Мағжан сорлы, (емес пе едi бөлтiрiк?),
Сотталыпты бiр кешенi өлтiрiп.
Ахмет жүр Ақселеуге айналған,
Мiржақыбың сенаторға сайланған.
Шоқан төре Олжас болып қимасы
Басқарып жүр мәңгүртшiлдер фирмасын.
Көмекшiлер бiрiнен соң бiрi алдай,
Абылай жүр Нұрсұлтанға кiре алмай.
Байқаусызда келiп қалып нарық тап,
Шер-ағам жүр кәшек жеумен арықтап.
Асан Қайғы циркте қазiр iстейдi,
Гимнаст қызға мiнiп алып түспейдi.
О, дүние, саған сонда кiм ие?
Қазақтың бұл азғаны ма, дүние?
Дүние сонда жауап бердi Тазшаға:
- Балам, менде болған емес бас, жаға.
Болған емес менде жең де, қолтық та,
Емеспiн мен асқан биiк, қортық та.
"Осындайсың", - дешi маған. Емеспiн.
Мен жәй ғана мүмкiндiкпiн, елеспiн.
Жалғандағы өзгерiстiң теңi - мен,
Менi сезген өзгередi менiмен.
Сезбегендi мен де сезбей өтемiн,
Қоқан лоқы маған жасау өте мiн.
Түлкi болсам тазы боп шал - бар, айда!
Ал таз болсам, шашымды өсiр, қалайда.
Семiзi бар, шегiрткедей арық бар,
Әркiм менi өз бетiнше парықтар.
Ұқсатқанмен менi өзiне тақыры,
Өзгеше боп шығамын мен ақыры.
Тақыр-билiк пайдаланып бар сәттi
Қазақ қылам деумен менi шаршатты.
Қазақ болу шарт па асау дүниеге?
Жаратылыс заңдарына кiм еге?
Қазақ болу дәл мен үшiн сөзжұмбақ,
Осы ұғымсыз бар ма жандар көз жұмбақ?
Қазақ болу - қандай десе - дерегiң?
Ең дұрысы, қазақ болмау дер едiм.
Қотырлары сау жерiмен егескен,
Қазақстан тазша бала емес пе?
Тазша бала... Өзiн өзi зор деген,
Ұш ғасырда бiр жақсылық көрмеген.
Я кәрi емес, я жас емес – дүбәрә,
Қотырлары маза бермес күнәрә.
Аш Тазшаны ешбiр асың тойдырмас,
Ұрлығын да ешбiр адам қойдырмас.
Сандырағы келе берер Тазшаның,
Тек айнаға Тазшекеңнiң қас жаны.
Көргiсi жоқ бейнесiн ол оқыстан
Шал мен сәби қасақана тоғысқан.
Бұл Тазшаны таққа нықтап отырған
Барды салып емдеу керек қотырдан.
Немесе ол қаси-қаси желкесiн,
Құрбан қылар әлi талай серкесiн.
Құрбан қылар тiпте бүкiл отарын,
Жатар сосын жуындысын қотарып.
Тазша бала, бiрде серi қыз жиған,
Бiрде ойшыл, бiрде патша ыздиған.
Бiрде - болмыс, бiрде құрдым саз аққан,
Қиын екен сенi тану қазаққа.
Қазақ сенi көркейткiсi келедi,
Ең әдемi теңеулердi тередi.
Ал сен болсаң - қышуы мол сауалсың,
Бiреуге - бал, ал бiреуге - зауалсың.
Сен Тазша емес, толқымалы тiрлiксiң,
Бiрде араз, ендi бiрде - бiрлiксiң.
Ойға жүктi қарт боп туған баласың,
Балалығын ұмытпаған данасың.
Жер сықылды, жатсынбайтын тезегiн,
Сенiң басың космосты кезедi.
Осы басты қорғаштамай дертiнен,
Еш шарт қоймай жiберсе екен еркiне.
Осы басқа тымақ емес, кепкi емес,
Жарасады сепсiз елес, септi елес.
Мәшинесi жоқ болса да, кемесi,
Тазша бала - еркiн ойдың елесi.
Елiмiзде қайшылық жоқ, дау ада,
Қалқып жүр ол жұмбақ болып ауада.
Оны шешер, болсын кәрi, жас ұлан,
Тек Тазшаның қотырларын қасыған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу