Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  79


Автор: Әуезхан Қодар

Абайға елiктеу

Итке айналдық, "Ас бер!" - деп, күлiмдедiк,
Iшмерез қаншықтарды "Гүлiм" - дедiк.
Оны айтасыз көнетоз сенiмменен
Сатқыншақтау достардан түңiлмедiк.
Сыйладық үлкендi де, кiшiнi де,
Сыйға тұрмас болғанмен пiшiнi де.
Пиғылдарын нас демей аға қылдық
Ағалықтан садаға кiсiнi де.
Ешбiр iс жүрмесе де, насаттандық,
Пайғамбар жасында да жас атандық.
Ешбiр құрмет, аялау, той көрмей-ақ
Бақыт-баққа құтырған мас атандық.
Ақымақтың пiкiрiн қостай бердiк,
Мақұлықтай ұлықты достай көрдiк.
Кедейлiкке жабысып қалғандай бiр
Күрке менен лашықты қостай көрдiк.
Басымызды қатырмай көп есеппен
Жүре бердiк қоңырқай топ есепте.
Жұрт шұлғауша көлiгiн ауыстырса,
Тепеңдедiк баяғы кек есекпен.
Ешнәрсеге өкпе-наз бiлдiрмедiк,
Иыққа ешбiр шапан iлдiрмедiк.
Сәнқой бикеш самалша қытықтаса,
Мiз бақпадық, сезiмнен тұлдыр ма едiк?
Бiз ешкiмдi жiбекке бөлемедiк,
"Төле!" - деген жерлерде төлемедiк.
Дәл бiздей ақша көрмей өтсе Абай,
Оның Абай болғанын көрер едiк...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу