03.09.2022
  79


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сұлтан-Махмұтпен сұхбат

Поэма
Бірінші желі



Бұл сөзім Тарбағатай биігіне
Тазының заман түлкі күйі, міне.
Сәніңіз көзден кетіп, сөзде қалар
Жалқаулық енді орансаң киіміне…
(Сұлтанмахмұттың Құрбан қажыға арналған өлеңінен )



Қотанащы, Тарбағатай жайлауында
Қырық күн шілде биенің байлауында.
Бәйжігіт Құрбан қажы ауылында едім,
Келіп түсіп тұрмыстың айдауында.
Қазақша – бай һәм жуан ауыл еді,
Бес болыс бәйжігіттің сауыры еді.
Тегінде қазақшылық қылып көбірек,
Жері шет, кеш қараған қауым еді.
Әйтсе де, жаңа заман қалпын ұққан,
Бұл ауыл бірсыпыраның тәуірі еді.
Сөз жинау қазақшылық тұнығынан
Жаңа заман жастарының ғұрыбынан.
Ескі сөз көп білет деп Құрбан қажы
Тегінде еститінмін бұрын мұнан.
Жаза бердім ескі сөзді сонан тауып,
Ел аузындағы әдебиатқа көңілім ауып.
Отызында қараған Руссияға,
Бұған батыр атанған қалмақ шауып.
Соғысында болған қытай, дүңгеннің,
Дос болып Бор деген дүңгенмен.
Оқ тиген сол соғыста, найза тиген,
Бұл күнде...


Бәйжігіттің ақсақал тиянағы
Көргенім жетпіс беске келген шағы.
Уақытымен батыр, уақытымен билік
айтып,
Бұл күнде қарастырған ақырет жағы.
Көз көріп қариялардың жоғалғанын,
Ескісін жиған жұрттың оңалғанын,
Қарияға ғұмырым кез келген соң,
Әлгі айтқан уағыдамдай бола алмадым.
Болған соң ескі сөзді жазып алмақ.
Жұмысына бір күнді қойдым арнап.
Бұрынғының кетіпті сөзі өзімен,
Жалқаусысам сол ғой деп қапы қалмақ.
Құрбан қажы естіген ескі билік
Қазақша дейтін сөздер жорға-жүйрік.



Cұлтан-Махмұт Торайғыров
...Милаттың майданында аз тұра тұр,
Әсеттің бір тілеулес ағатайы...
Жарыққа қараңғыдан шапшып едің,
Бұл емес еліктіріп мақтағаным,
Қайнаған қара тастан аққан көздей
Көп еді сөйлесем деп сақтағаным,
Алсаң да қаһарыңа айтар едім,
Халқыңа болса егер де жақпағаның,
Шам алма шал дегенге бәт дұға қып,
Найманда жалғыз кәрі жақтағаным...
(Әсет Найманбайұлының Құрбан қажыға жолдаған өлең- хатынан)


Өткеннен желі ой тартсам,
Кектенер жайым тағы бар...
Тағы да тағы... қыршынның
Жазықсыз тамған қаны бар
Құйма құлақ баласың -
Сырына қарттың қанып ал...
ІҮ
Лақабым онда Қоңыз-ды,
Ерлік-ті ісім ең ізгі.
Екпіні қатты жігіт ек,
Сапыратындай теңізді
Қабекемнің нәсіліӘлібек “ер-ай” дегізді.
Ү
Аймағын жүрген таң қылып,
Атағы жатқан жаңғырып
Бұр баһарүр-ді серігім –
Дүнгеннен шыққан нар жігіт.
Шабардай болдық дұшпанды
Қаланың аузын қан қылып,
Қақпаның аузын шаң қылып...
ҮІ
Сарыаяқтарға кектеніп,
Діні жат ісін жек көріп,
Арыстан айға шапқандай,
Арманға біздер жетпедік,
Батырлық деген арманда
Бұр баһадүрмен кетті өліп.
ҮІІ
Күн екен күнім бұрынғы,
Мұнан соң заман бүлінді,
Жаратқан ием налыр-ақ,
Кінәлайын деп кіміңді.
Қайраулы қара қанжар ем
Кесе алмай қалдым қынымды.
Шекара деген шер болып,
Қонысым екі бөлінді –


Жүрегім қоса тілінді...
ҮІІІ
Айта да берсем арман көп,
Арманым кетті жалған боп.
Жабыға бүгін айналды
Бабалар мінген тарланкөк.
Заман тұр, түйіп қабағын
Сыбағаң кетер, қарман деп...
Сеземін, балам, сезінем
Біздерге орын қалған жоқ...
Х
Арғанатыны жайладым,
Абыздай күтер аймағым,
Жеткіншек едік кешеде
Жел сүйіп жүрген айдарын,
Есті де ұлды көргенде
Есіме түсті қайдағым.
Кемеңгер көрдім Абайдай –
Ақылдың таттым қайнарын,
Өскінді көрдім өзіңдей -
Мақтан қып ұстар байрағым...
Екінші желі


І
Әлқисса, бұдан кейін Құрбан қажы
Сұлтанмахмұтқа Көкжал Барақтың
қайғылы өлімін, Жалаңаш бабадан
бата сұрап, Абылайдың кек қайырған
жайын баяндайды.
- Тәңірім қуат берген текті батыр,
Жоны-жал, жүрегі-түк, кекті батыр.
Күндердің бір күнінде... қапы қалып,
Бақиға ақ сапарын шекті батыр.
Көкжарлы Көкжал Барақ қапы кетті,
Бұйыртпай мейрам суы, ақыретті
“Бір күнде... жалды Барақ қашқанда” деп,
Дұшпаны мазақ қылып, нақыл етті.
Жөн істі кімдер жөнсіз кінәласын,


Ісіне күймей қалай тұра аласың,
Қан жауғыр дұшпан жағы сұмдық іс қып,
Тұрғызды бір бас, бір қыш мұнарасын.
Қамығып, қалың қазақ қан жылады,
Дұшпанның кектендірді сандырағы.
Мойнына кісе салып, хан Абылай,
Шалынды құрбандыққа арғымағы.
Абылай “а,құдай” деп атқа мінді,
Қалың қол ыза-кек боп ақтарылды.
- Жалаңаш баба қайда, бізбен жүрсін,
Сынайтын қасиетін сәт табылды...
- Уа, баба, батыр кегін қуып барам,
Жүректі қанды жаспен жуып барам...
Барақтай ердің кегін қайтармасам,
Тағымнан тас зынданың жуық маған.
Қалың қол хан қасында анталаған,
Бабадан бата сұрап, алқалаған.
Қараса кілең батыр кескініне,
Көздері ыза-кектен қанталаған...
- Абылай болып қапты бір іс деймін,
Кек алу батыр үшін дұрыс деймін.
Сапарың оң болсын деп қала берем,
Бұл жолғы жорығыңа кіріспеймін.
- Ей, баба, қазақ үшін Барақ қандай,
Барақты аллам бөлек жаратқандай,
Күн туса ел басына, ерге қонып,
Ең алды боп аттанған қарап қалмай.
Туысы оқшау болған жалды Барақ,
Ер еді жаужүректі, қандыбалақ.
Қазаққа көз алартқан жау қалмақтың,
Үрейін ұшырмап па ед, сан қуалап...
Сол Барақ жау қолынан шәйіт кетті,
Батырдың бағы бастан тайып кетті.
Бүлікті қаншама қош көрмесем де,
Ақылды ашу-ыза шайып кетті.


Барамын “аруақ” деп қолды бастап,
Жүресің қалың қолмен жолды бастап.
Барақтай батыр кегін қайтармасам,
Қазақтың ертеңі де сорға ұласпақ.
- Қашырар жаудың құтын қанды із едің,
Татыған таңдайыма жалбыз едің,
Апыр-ай, мұсылманды қалай атам,
Бар еді кәпірге атар жалғыз оғым...
- Ай, баба, бәтуаға келмейсің бе,
Тұншығып өз кегіңе өл дейсің бе?!
Мұсылман мұсылманның басын кесіп,
Мұнара тұрғызғанын жөн дейсің бе?!
Солай деп, хан Абылай көндіреді,
Көнері Жалаңаштың белгілі еді.
Абылай есін жиып, еңселенді
Деп, “жол білсем, бұл баба жөн біледі”.
ІІ
Қылышы кекке малынып,
Найзасы шоққа қарылып,
Қабағы қату қалың қол,
Жау іздеп шықты сабылып...
Келеді әскер із кесіп,
Бұйырар түзден тұз-несіп.
Аламан бір сәт аһ ұрды,
Келдімұнарамен жүздесіп...
Жүректе қайғы зіл жатты,
Қан іздеп, қылыш дір қақты,
Келдімұнараны айналып,
Абылай сонда тіл қатты:


- Келдемұнара,
Келдемұнара!
Қан-қасап болар
Енді бұл ара...


Батырым қайда –
Барағым қайда?!
Жауға жұмсайтын
Жарағым қайда?!
Келдімұнара,
Ерімді құртып,
Кергіп тұрсың-ау,
Кегімді түртіп...
Батырым, мұнда
Неғылып келдің?!
Қан тартып, бәлкім,
Желігіп келдің...
Кегіңді қуып,
Тебініп келдім.
Өзіңді жоқтап,
Егіліп келдім...
Қапыда кеткен
Қандыбалағым.
Туысы ерек
Жалды Барағым,
Аллам қолдаса,
Жауыз дұшпанды
Дәл қазір бар-ау
Қан қылар әлім...
ІІІ
Келдемұнара
Сұлық тұр,
Тірінің зарын ұғып тұр,
Денеден бөлек
Бастардың
Тілінде – Ажал- құлып тұр.
Сәске ауар шаққа құл болып,
Басталар қанды бүлік бір...
Алынар тағы
қанша бас...
Келдімұнара...
Сұлық тұр...
Ішінен, бәлкім,


Тынып тұр...
Жалаңаш баба
Күбірлеп,
“Жөн болар ма екен
мұным”, - деп,
Жаратқан Күшке сыйынар,
Жаңыла көрме,
Тілім деп,
Санасын жаулап алғандай
Аруақ біткен дүбірлеп
Аспанға қарап,
Қол жайды
Қос алақаны...
Дірілдеп...
Абылай тұрды
Сұрланып,
Кім шәйіт кетер,
Кім қалып,
Жау іздеп келген
Кекті қол
Амалы құрып,
Тұр налып...
Жасанып келген қазақ жасағына қарап,
Келдемұнараға қышпен қаланған Барақ батыр
басы мұң шағып тұрғандай болады:
- Адамның басы –
Алланың добы.
Доп болып ұшты кәлләнің көбі...
Ақымақ ашу,
ақылды өлтіріп,
Арбадың мені, алдадың мені...
Ертістен өттім –
Ерленіп өттім,
Жалғаннан өттім – шерленіп өттім.
Тірімде Көкжал Барақ едім ғой,
Өкінішімді өңгеріп өттім...
Күршімді кештім –
Күрсініп кештім,
Шалқақтап кештім,


Қырсығып кештім.
Фәниде демім дауылдай еді,
Бақиға... мәңгі тұншығып көштім.
Сауырдан астым,
Қалбадан астым,
Жау қуған шаңды жолдан адастым,
Шыққан үшпағым – осы болғаны,
Күйігі өртеп тұрғандай қазір –
Соңымда налып қалған алаштың...
Келдемұнара –
Кегіме тұнып,
Келе жатқандай керіле тұрып,
Ызалы қолдың ашуы дарып –
Кесілген басын іздеген денем
Кетердей қазір
тебіне тұрып...
Самалын жұтқам
Сағым даланың,
Үйреніп өскем
Шағылдар әнін.
“Көкжарлы Көкжал Барақты алдым” деп,
Мақтағандары-ай,
кеудесі ісіп,
Нәдір бала мен Сәдір баланың...
Ауыл жайлаған
Бөктерім қайда,
Долданып кетер
көк перім қайда?
Қалмақты қырып,
үрейін алған
Мақтанға бөккен
өткенім қайда?!
Қанды қырғынға
қағынып кірдім,
Қаһарлы жаудың кәрін ықтырдым.
Кеудемнен ұшқан ызғарлы кегім


Қалың ғаскердің тамырын буып,
Қырғын ұрысты
сағынып тұрмын...
ІҮ
Таң біліп келеді, -
Қанды бүлік келеді...
Әтекенің ғаскері
Сәл құбылып келеді.
Таңнан нәсіп – керегі,
Жалмаңдасып келеді
Нәдір бала қосыны
Маң-маң басып келеді.
Сеніп, күліп, келеді,
Еліктіріп келеді –
Сәдір бала әскерін,
Бөріктіріп келеді.
Жау жасағы қаһарлы –
Келе бұзды қатарды.
Күркірейді күндей боп,
Танытардай атаңды...
...Жалаңаш баба келді хан қасына,
- Пенденің түскені жөн тәубасына,
Көрінді жау қарасы, есіңді жи,
Шақырып батырларды ал қасыңа.
Қайғыңды ханым, сеземін,
Өртеніп тұр-ау өзегің.
Сәске ауғанша амалда,
Келеді сосын кезегің.
Сәскеге дейін жау басым,
Сәске ауған шақта – жауға сын.
Тілімді алсаң, тапжылма,
Көресің сәске ауғасын.
Оғанға дейін біреуің
Дұшпанға қарай бармасын,
Қолына қару алмасын...


Жарақтанып қол келді –
Қабатталып сор келді.
Жаудың бетін Абылай –
Қарап, бағып көрген-ді.
- Ей, Ер Жауғаш, Ер Жауғаш,
Сөзің сынап көр, Жауғаш
Ақкөзденген дұшпаннан
Бітім сұрап кел, Жауғаш!
Түс ауғанша тұралық,
Күш ауғанша шыдалық.
Қарап тұрып қырылмай
Амал-айла қылалық...
Деп, Абылай қозғалды –
Ойы топтан озған-ды.
Қоралас ұлы ер Жауғаш
“Ләббай” деумен сөзді алды...
Жау тұсына келген-ді,
Бітім сұрап көрді енді.
Нәдір бала мастанып,
Өз буына тербелді.
- Мен –
Көкжарды Көкжал Барақты алдым,
Жалғыз көзді қарақты алдым.
Намысы қатты қазақсың.
Сонда қайда қарап қалдың?!
Қалың қазақ қолын қырдым,
Қызыл қанға шомылдырдым.
Ажалыңа тап келіпсің –
Сорлы қазақ – сорың бұл күн!!!
Бітім қылу арман болар,
Елдестірмек жалған болар.
Сүйегіңе бата жасап,
Құзғын менен қарғаң қонар...
... Нәдір бала мақтанады,
Сәдір бала баптанады.
Тек Әтеке, күдік ойлап,
Алдын ала сақтанады.


“Бұл – немене еріккені,
Не деді екен көріпкелі.
Сарыарқадан Шу бойына
Бітім үшін келіп пе еді?!”
-Сөзім тыңда, Нәдір бала,
Асқақтама, сабыр, бала!
Абылаймен тайталасып,
Сынар деймін, сағың бала!
Ол Абылай – қалмақты алған,
Қасиетімен салмақтанған.
Бұл дағы бір сұм айласы,
Болар істі барлап та алған.
Қуып келді Барақ кегін,
Сапқа тізіп санатты ерін...
Айла-амалы артқан ханды,
Бір қорқаққа балап па едің?!
Мен көргенде – пірі мықты,
Бір сенімге жүгініпті.
Абылайдың мың айласын
Кім байыптап, кім ұғыпты?!
Тоқтау қылам, тоқта бала,
Түсесің-ау, отқа бала!
Дарақылық опа бермес,
Сәл ақылың жоқ па бала!!!
- Әтеке, неден шошыдың,
Үркектеп қалды қосының,
Ұрандап шабар тұсымда
Ұнамай тұр-ау осының...
Әтеке, неден үріктің?
Қызығын көргін бүліктің,
Қызынып келген қазақтың
Қызуын келер қырыққым.
Белуардан қанын кешкенмін,
Барақтың басын кескенмін.
Әулие деп ең біздерден
Әтеке, неге сескендің?!


Жауымның құтын қашырып,
Бағымды тұрмын асырып,
Келдемұнараға келіпті
Ажалдарына асығып...
Қаһарым демін тұсады,
Қорыққанға ұсады
Барақтың кегін алам деп,
Барақтың жолын құшады...
... Қосыны жаудың сөгіліп,
Әтеке кетті бөлініп.
Айтқанын ұқпай басқаның,
Мақтанды Нәдір не біліп...
Көнбедің бала, текке деп,
Әтеке кетті өкпелеп.
...Сәске де ауып, бір кезде
Қалың қол келді бетпе-бет.
Қамданып қазақ жасағы,
Адымын алға ашады,
Жалаңаш жерден топырақ ап,
Жауына қарай шашады.
... Құлан адасқан шаң болды,
Аттың бауыры қан болды.
Жан аяспаған қырғынға,
Шу атырабы таң болды.
Қу адасқан тұман-ды,
Қазақтар салды ұранды
Шулаған Шудың толқыны
Қып-қызыл қанмен шыланды.
Осы ұрыста Нәдір бала, Сәдір бала
бастатқан сегіз ұлымен бірге жүрген , жасы
88-ге келген қырғыз Жайылхан қарттың Абылай
қолына түскендегі сөзі:
- Қазақтай елдің ханысың,
Тарапқа кеткен дабысың.
Қапыда кетіп күңірендің,


Көкжал Барақтай арысың.
Әкелген атақ әр ісің,
Алаштың сен бір бағысың,
Қалың қолымды қаусаттың
Барақтай ердің қаны үшін...
Абылай деген даңқың бар,
Соңында – қазақ халқың бар.
Шалқақтағанға еңкеймес
Ерлік пен өрлік салтың бар...
Жайылхан деген қартыңмын,
Кәрілік жетіп алқындым.
Сексен де сегіз жасымда
Ызаңа сенің шарпылдым.
Сегіз ұл атқа мінгесін
Желігіп топқа кіргесін
Бірге де жүрсем деп ердім,
Білекке қару ілгесін .
Мұсылман едің дінің бір,
Қаза да берсем түбің бір
Сегіз баламның кенжесі –
Сегіз жастағы ұлым жүр.
“Қанға - қан” деген сертің бар,
Кеудеңді шалған өртің бар,
Тұқым құртпассың, Абылай,
Не қылам десең еркің бар...
...Осылай Абылайға сөз арнады,
Қалың қол Абылайдан көз алмады.
Кәрінің кемсеңдеген бұл сөзіне
Қаһарлы хан Абылай төзе алмады...
- Сәтті боп, оңғарылған сапарым бар,
Жауыма айбын болар атағым бар,
Кенжесін сегіздегі аман-есен
Еліне Жайылханның апарыңдар...
ҮІ
Дала...
Дала...


Өңі қашып.
Жел безеді
жонын асып,
Шу өзені өксіп жатты,
Арнасынан толып, асып...
Аңғарына мұң іркіліп,
Ағынында – ғұмыр тынып,
Жағалауды ажал жайлап,
Ойлайды Шу бүгін күдік...
Сынған найза,
Қанды жебе,
Қажетсіз боп қалды деме,
Келер күндер не боларын
Түн біле ме, таң біле ме?!
Қанды қасап – қырғын өтті,
Дала жүзін күлгін етті.
Аспан терең күрсінді бір,
Тау тұлғасы дір-дір етті.
Құлазыды құла дала,
Қайғы қалды бұл арада.
Кеудесіне қан ұйытқан
Пендесінен құн ала ма?!
Күн-керуен көшті егіле,
Зиярат қып естегіге.
Күңгірт көзін көкке қадап,
Уақыт-абыз “кеш” деді ме...
Бұлт көз жасын іркіді,әні,
“Кім кінәлі, кім кінәлі?”
Осы сауал шулы Шудың
Толқынында бұлқынады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу