Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  155


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

Мойындағым келмей сүйетінімді

Мойындағым келмей сүйетінімді,
Өзіңді көрсем жалтардым.
Білсем де отқа күйетінімді,
Аңсадым сызын қаңтардың.
Білмеймін сені баласындым ба?
Жүректің сырын шертер күн.
Тағат таба алмай аласұрдым да,
Ішімнен тындым, өртендім.
Сезімді мынау сезгенің бе еді,
Қауызын жарған гүл сынды.
Ұқтың ба сырды көздерімдегі,
Төмен қарадың, қымсындың.
Бір сәуле шашты көздерің нұрлы,
Алаулап жүзің нарт жанып.
Алдыңда мен де теңселіп тұрдым,
Сүйіп алуға шақ қалып...
Сен жайлы күнім ағат ойлаған,
Сезімім бе әлде жазығым.
Ұйықтасам-дағы «ағатайлаған»,
Құлақтан кетпес нәзік үн.
Білмеймін, сені баласындым ба?
Жүректің сырын шертер күн,
Тағат таба алмай аласұрдым да,
Ішімнен тындым, өртендім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу