Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  77


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Мейлi, ашылмасын жұмақтың қақпасы маған

Жұмекен Нәжiмеденовке
Мейлi, ашылмасын жұмақтың қақпасы маған,
Бұрмай-ақ, мейлi, қояйын ат басын оған.
Қуанар едiм басымнан сипағандай-ақ,
Бiр сипаса келiп моламның көк тасын анам.
Жүрдiм деп айтпан тiрлiкте шоқ басып әман,
Жұртымның маған көп кiнә тақпасы да аян.
Шаруаға қырсыз шорағай мiнезiмменен,
Бола алмай қойсам, қайтейiн от басына алаң.
Жүректiң мынау әредiк тоқтасы жаман,
Түстi ме деймiн тағдырдың ноқтасы маған.
Тоқташы, боран,
Азынап соқпашы, боран,
Туған жерiммен бiр жылап қоштасып алам.
Тұтқасы болам тiрлiктiң, тоспасы болам,
Десе де пенде сезедi-ау жетпесiн оған.
Өмiрдiң дәнiн өлтiрiп алмаса болды
Бiрi мен бiрi бүлiнiп соттасып Адам.
Ақылға келсiн, абайлап, тоқтасын Адам,
Ұятын, арын, санасын сақтасын аман.
Өлмеймiн сонда, өлмеймiн, өлмеймiн мен де,
Ақымақ қылып ажалды жоққа шығарам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу