Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  83


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Қажи ұста

Қажи едi бiздiң ауыл ұстасы,
(Жас жағынан осы ғасыр тұстасы).
Тұрушы едi күмпiлдетiп көрiгiн,
Бiр қолында балғасы, не қысқашы.
Қашан көрсең қара терге малшынып,
Көрiгiнен қара түтiн, шаң шығып,
Қара төстi соғушы едi құлаштап,
Қарымынан қара темiр жаншылып.
Батпан балға жер сiлкiнте гүрсiлдеп,
Басқан сайын балуан көрiк күрсiнбек.
Жататұғын ұстахана сол шақта,
Жер жүрегi секiлденiп дүрсiлдеп.
Зiл түрендi зiркiлдетiп соққанда,
Қызығушы ек шашыраған шоқтарға.
Көрiнетiн құдiреттi Гефестей
Қажи ұста қайраттанған шақтарда.
Гефесiң не?
Алыптан да отты адам,
Ол өткенде бүкiл өңiр жоқтаған...
Гефест құсап
Прометейдей досына
Ешқашан ол қанды кiсен соқпаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу