Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  47


Автор: Ұлықбек Есдәулет

КАРДИОГРАММА

Жаспын ғой әлi, жүрегiм неге ауырды?
Ақсақалдардай арқалағам жоқ ауырды.
Жаспын ғой әлi жанымның өртi лаулаған,
Қуантар шағым осы ғой менiң қауымды.
Жүрегiм неге, жүрегiм неге ауырды?..
Беймаза басты тауға да ұрдым, тасқа да,
Өзiмше болдым ұқсамасам деп басқаға.
Ағаларым мен құрбыларыма еркелеп,
Ақсақалдарға имене бардым жасқана.
Ақын деп менi таныды асқақ астана.
Болаттай берiк төзiмiм бар деп жүр едiм,
Бүк түстiм неге,
Сыр бердi неге жүрегiм?
Лермонтовтың жасына жаңа жеттiм ғой,
Мартыновым жоқ,
Жоқ және шыққан дуэлiм,
Шаншиды неге, шымшиды неге жүрегiм?
Жаспын ғой әлi,
Жаспын ғой, мiне, қарашы,
Заманым осы,
Жанымның қайсы жарасы?
Ақын деп бiздi ауырға салмай әуектеп,
Әуейi болып әлсiрегем-ау шамасы,
Ауырушы ма едi, әйтпесе ауыл баласы?..
Таныс боп жастай толайым ыстық, суықпен,
Жүрмiн бе мүлдем мазасыз ғұмыр сүрiп мен?
Қайраткерлердей халықтың қамын ойлаған
Мемлекеттiк келiссөздерден шығып па ем?
Ауырды неге, ауырды неге жүрегiм?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу