Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  67


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Өртенген жапырақтар

Буалдыр будай түтiн буып бақты,
Желкек жел сейiлтпек боп қуып бақты.
Қызусыз қу жапырақ қоздап жанып,
Бұрқырап бықсуға да жуықтапты.
Барады бұлдыр түтiн бақты аралап,
Ағаштар ойланады отқа қарап.
Жауыз от жапырағын жалмап жатыр,
Жыл сайын жалмаса да жоқ қанағат...
Сарғайған сар жапырақ — өткен күнiң,
Үзедi уақыт жасап өктемдiгiн.
Аспанға ағаш құсап талпынасың,
Уыстап қалмақ болып көктем нұрын.
Қаласа – алдына сап елпектетер,
Дей алман тағдыр күшiн «ертек, бекер».
Жиып ап жапырағыңды ол
Күзiң жетсе
От қойып өзегiңдi өртеп кетер!..
Естимiсiң, Прометей?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу