Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  61


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖИДЕ

Жалғыз түп жиде жолға өскен
Жел сүйсе желең төсiнен,
Жабырқау ғана сөйлескен
Өзiнiң көлеңкесiмен.
Аптапты жаз бен суық қыс,
Төзiмiн оның өлшеп пе?
Баласыз, байсыз, туыссыз,
Ұқсайды ол жесiр келiншекке.
Жемiсi оның биiкте,
Ұмтылған қолға алдырмас.
Шалдырмас суық, күйiкке
Балғын жас жиде талдырмаш.
Кезi жоқ сыңсып, зар төккен,
Күтедi мейiр аспаннан.
Жаңбырлы күнi жарқ еткен
Жасыннан ғана жасқанған.
Жоқ қарап жүрген жүргiншi,
Жидеге жақын келгенде,
Жанына ерткен бүлдiршiн
«Жемiсiн әпер!» дер кейде.
Жүргiншi жұлар, немесе,
Түсiрер атып жемiсiн.
«Пiсiптi, болмас жемесе,
Өскен ғой дейдi жеу үшiн».
Жемiсiн бiз де жермiз-ау,
Төменнен таспен атармыз.
Тағдырды қатал деймiз-ау,
Өзiмiз неге қаталмыз?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу