Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  49


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Капитан, шығайықшы каютадан...

Капитан, шығайықшы каютадан,
Бiздерден қайда қашар дайын тағам.
Палуба шынжырына шынтақ тiреп,
Қарайық толқындарға байырқаған.
Шарқ ұрып, шабақ iлер шағалалар,
Көгерiп көз ұшында жаға қалар.
Көз қанық болғанымен балықшыға,
Таңсық қой қай-қашаннан маған олар.
Күн ашық, керек емес биноклiң:
Бейнесi онсыз да айқын су бетiнiң.
Көрiнер көлдiң өзi мың есе артық
Көркiнен көңiлдегi суретiнiң.
Аппақ бұлт, көкшiл аспан, жасыл айдын...
Жаныма бұдан өзге не сұраймын!
«Кеттiң ғой бала құсап» дейсiң маған,
Көргенде туған жердi осылаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу