Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  91


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АҚЫНЫҢДЫ ЕРКЕЛЕТ

Сен – жартассың,
Ақын – толқын.
Келдi саған еркелеп,
Уа, Дүние, ақыныңды еркелет!
Он есе артық оның жүгi өзгеден,
Ол көргендi көре алмайсың көзбенен.
Жұрттан бұрын жаралайды ақынды
Жауыз оғы жақсылықты көздеген.
Жаһанды ол балайды өз үйiне,
Қайғы-мұң мен шаттыққа да бұл ие.
Шабытына өртенедi от болып
Мәңгi жарық болсыншы деп дүние.
Сел болғысы келедi оның шөл көрсе,
Жел болғысы келедi оның көл көрсе.
Желкендердiң құзырына жұмсар-ау
Қолына оның қара дауыл, жел берсе!
Ол жылайды жыламаған бұлт үшiн,
Ол күледi ұмытылған күлкi үшiн.
Өмiр деген өз анам деп еркелеп,
Ол жыртады жақсылықтың жыртысын.
Сен – жартассың,
Ақын – толқын,
Келдi саған еркелеп,
Келдi саған көкiрегiн өртеп от.
Жыры бар ма, мұңы бар ма тыңдашы,
Уа, Дүние, ақыныңды еркелет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу