Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  43


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Шағылға барсаң шiлдеде

Шағылға барсаң шiлдеде
Торсықтап сусын бөктергiн.
Тамсаусыз болса тiлге де
Сорасы келер көк тердiң.
Шағылдың күнi шағырмақ
Шекенi қысар құрсаулап.
Сағағын аттың сабындап,
Шашасын тұтар құм саулап.
Құмдауыт жердiң оты асыл
Қолатын iздеп барарсың.
Үркiтiп буған масасын
Соныға түсiп орарсың.
Құмдауыт жердiң түгi бал,
Тұсамасаң да ат тұрар.
Сонаны сезбей қыруар
Осқырынбастан оттығар.
Құлаштай шауып шалғынды
Қарымыменен еркектiң,
Жаныған шақта шалғыңды
Жотаңды сүйер өртеп күн.
Жейдеңдi шешiп лақтырып,
Торсықтан жұтсаң ашымал.
Кенезең кеңiп ашылар,
Милықтан терiң жосылар.
Дегдiмей жатқан дестеге
Демiгiп сонда құлашы.
Ширап бiр қалсын бос дене
Арам тер шықсын шығасы.
Бусанып, шыпшып, сорғалап,
Бойыңнан шықсын арам тер.
Бойкүйездiктен сонда да
Құтыла алмасаң маған кел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу