Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  72


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Мерт

Осылай деп жыр жазған қайран ағам,
Ендi мұнша мейiрiм қайда маған?
Қалай ғана көз жазып қалдым екен,
Қара сөзден деп жүрiп қаймақ алам?
Тағдыр тасыр талайды тас қаптырған,
Көзден бұл-бұл ұша ма асқақ тұлғаң?
Алтайымның асқар бiр шыңы едiң ғой,
Иығымен бұлттарды жасқап тұрған.
Өлшемiндей өр едiң Биiктiктiң,
Саған қарап өлеңнен уық тiктiм.
Ағам бар деп жасымнан арқаланып,
Ұясына иттiктi қуып тықтым.
Құлағымен iн қазып, iлiк таба,
Жүгiргенде бiреулер құрықты ала.
Өлшемiндей Кеңдiктiң көрiнушi ең,
Қараушы едiң бәрiне күлiп қана.
Жаныңдағы шерiңдi жырға ақтардың,
Бiрге күйiп, жырыңмен бiр қақталдың.
Жарқылдаған iшiнде шумақтардың,
Сөнбесiне сенушi ең нұрлы оттардың.
Алдымызда сыйласар аға қалмай,
Тiрлiгiнде әмiсе бағаланбай,
Кемел кезде кемесi суға кетiп,
Қалған ғарiп қайда бар жараланбай?
Елi дархан қазағым, даласы кең,
Ақыныңмен сен қашан санасып ең?
Нар ұлдарың нелiктен жығылады
Жазылмайтын жүректе жарасымен?
Бұл не деген салт болды өрт шалатын,
Көкiректiң түбiнде дерт қалатын.
Соғыссыз-ақ, ай-күннiң аманында
Ақын бiткен аңдаусыз мерт болатын?
Жүрген жырау бар ма едi аһ ұрмастан,
Жанындағы жарасын жасырмастан?
Жазатайым жығылған бәйтерегiм,
Жайдың отын басынан асырмастан.
Асау жырдың шоқтығын уыстаған,
Ақындардың бәрi де туыс маған.
Қанат бiтiп, көкке ұшып бара жатыр,
Түсiп кеткен қолыңнан күмiс қалам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу