Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  150


Автор: Мақпал Жұмабай

Жанымның жартысы Меркурий сияқты

1
Табыла кетсін бақытқа тұрақ,
Адамға жалғыз керегі – шырақ.
Жер, мен саған ағып түстім,
Меркурийден, бәлкім, құлап.
Табанымды тілді қияқ,
Тірі жүргенім – мият.
Жалған сөйлей алмаймын
Меркурийдегілерден ұят.
Төбеме жұлдыз ілдім,
Түндігін жырдың түрдім.
О, жақсылық іздеген Данте,
Мен де жақсылық іздеп жүрмін
2
...Даланы кездем.
Ләйлідім.
Ойлап жатыр
жұлдыздар жәйлі кім?
Түсінуге тырыстым.
Кешір бізді
Меркурийден
Жерге қараған
ләйлі мұң.
Тып-тыныш.
Ғарыштан ғажап күй ақты,
Жұлдыздар жымиып тұрып
жылайтын сияқты.
Аспанға қарайлай бердім,
Жанымның жартысы
Меркурий сияқты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу