Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  156


Автор: Байыт Қабанұлы

ҚЫЗДАРЫ ТЫҢДА ҚАЗАҚТЫҢ

Құйрығын түйіп бозаттың,
Сөндіріп отын тозақтың,
Арқанын үзіп азаптың,
Майданын бұзып мазақтың,
Құлағын бұрап қобыздың,
От күйін шертіп оғыздың,
Айтайын мен бір ғажап мұң,
Қыздары тыңда қазақтың!!!
Сендер ғой сендер неткейсің,
Күншуақ жылы беткейсің.
Қуаныш, қызық өндіріп,
Қызыл гүл болып көктейсің.
Ерлерді сөзге көндіріп.
Еркелікпенен ептейсің.
Айтатын саған тілегім:
Даналарды да өпкейсің,
Шалаларды өпкейсің,
Ағаларды да өпкейсің,
Балаларды да өпкейсің,
Сүйумен мына жалғанға,
Сүйіспеншілік сепкейсің.
Еркелік ғана еккейсің.
Сендердей керім жоқ білем,
Өтетін жерден өтпейсің.
Беттемес жерге беттейсің.
Қуса да ұзап кетпейсің.
Жалынып тұрса шеттейсің.
Ұғыңдар бірақ мынаны:
Үйіңнен ұзап кеткенмен,
Еліңнен ұзап кетпейсің.
Өздерің елдің нұр бағы,
Жердегі жұлдыз жұрнағы,
Сендерге ғашық әлемнің,
Арыстан жүрек ұлдары.
Сендерге ғана бас иер,
Сұмырай дүние сұмдары.
Өздерің барда құрғамас,
Елімнің құрақ құндағы.
Меруертсіңдер судағы,
Ақ алтынсыңдар құмдағы,
Шынар да сендер шыңдағы,
Сыңар да сендер сындағы.
Сылаңдап сендер жүрген соң,
Сыңғыр да сыңғыр күлген соң,
Ерліктің белі сынбады.
Елдіктің желі тынбады.
Сендер ғой тастың танасы,
Дананың есті данасы,
Еркелеп сендер тұрғанда,
Таусылар жанның шарасы.
Сендермен ғана қызықты,
Өмір мен өлім арасы.
Перизаттар-ай сен барда,
Періште болып күн кешер,
Пенденің пенде баласы.
Бас иер саған мәңгілік,
Мәңгілік айтар ән қылып,
Елімнің бала, ағасы.
Себебі солай, гүл қыздар,
Келешек бағлан қазақтың,
Анасы сендер анасы.
Сендерсің қыздар сендерсің,
Дем берсін Алла дем берсін.
Өртеңдер өңсіз жалғанды,
Өңі кеткендер өңделсін.
Әлемді қанға бөктірген,
Жауызды тапқан сендерсің.
Шекеңе бақыт шектірген,
Абызды тапқан сендерсің.
Ай көрінген түрінен,
Сылаңды тапқан сендерсің.
У төгілген тілінен,
Жыланды тапқан сендерсің.
Рулы елді тәу етіп,
Ұран да болған сендерсің.
Ағайынды жау етіп,
Ылаң да болған сендерсің.
Жау келгенде ақырып,
Қолды да болған сендерсің.
Мал секілді сатылып,
Сорлы да болған сендерсің.
Дем берсін Алла дем берсін.
Өртеңдер өңсіз жалғанды,
Өңі кеткендер өңделсін.
Жүректінің жүрегі,
Тілектінің тілегі,
Дүниенің тірегі,
Сендерсің қыздар...
Сендерсің қыздар...
Сендерсің қыздар!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу