29.08.2022
  84


Автор: Хамит АЙДАРҰЛЫ

ЖАҒАЛАУДАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ

I
Бір мұңлы елес Теңізге бірге келді,
Бірақ оны ешкімге сыр етпедім.
Тулаған толқындардың дүрбелеңі,
Сенің әнтек жымиып дір еткенің…
Буырқанған теңіздей алқынды арман,
Күміс мерует жағаға шашып тынған.
Ақ толқындар албыртқан, бәлкім, Қарғам,-
Сенің сүйкімділігің ғашық қылған!
Көз ұшында көк бурыл ғажап айдын,
Жағаға жетуге еш іркілмеген.
Сол ақ айдын- қоштасқан азалы ай, күн,
Өлмес және жүрегің дүрсілдеген!..
Ақ толқындар қашады жаға жаққа,
Өзін- өзі жұтады, өкінеді.
Мені жағып қайғының ғазалы отқа,
Сені жұтқан тірліктің толқыны еді.
Тербелісі теңіздің тебірене,
Тылсыматқа бөлейді төңірегін.
Жағалаудан мен жетпес, емірене
Айлы-ау, мәңгі ән салған сені көрдім.
II
Кеудемде бір мұң бар сарғыштау,
Сосын да көңілім тоңғыштау.
Самалы салатын әуенге,
Армысың, маң дала Маңғыстау.
Қиялды қиын- ақ, көгендеу,
Тағы сол елігу, елеңдеу.
Жиегін көк айдын толқыған,
Теңізім тым сырлы тереңдеу.
Мұң-нала жанымды жегендей,
Бәрін де аласың сен емдей.
Ақ моншақтарың да шашылған


Жүрекке тізілген өлең ғой...
Шілденің жасымен жейдемді
Жуа алмай қош айттым, ал мейлі.
Көңілде тереңге сақтадым,
Ақ жауын аймалар бейнеңді...
Теңіз!
III
Есіме нені жиі алам,
Теңізім, менде күй- алаң.
Тереңдігіңді көргенде,
Таяздығыма ұялам.
Тізбекті күздің құсынан,
Хат жазып оған ұсынам.
Кіршіксіздігіңді сезгенде,
Кірлегеніме қысылам.
IV
Теңіздің мұңындай тәтті өмір,
Тулаған толқындар қуаныш.
Еске алам жабыққан сәтте бір,
Ол да бір таптырмас жұбаныш.
Бәрі де баянсыз қалады,
Оңады онсыз да түр-түсім.
Сыңғырың есіме салады,
Алғашқы махаббат күлкісін.
Бейнемді беймаза бүгінгі,
Өзіңде боларсың байқаған.
Ешкімге шақпаған сырымды,
Теңізім, өзіңе айта алам.
Көз салып алыс бір жыраққа,
Шексіз бір әлемге бет бұрдым.
Толқынның әні кеп құлаққа,
Жағаңда үн-түнсіз көп тұрдым,
Күбірлеп қояды көлеңкем,
Сүйеніш емес қой ол да аса.
Теңізден кетермін мен ертең,
Қоштасып қалайын болмаса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу