29.08.2022
  96


Автор: Хамит АЙДАРҰЛЫ

ҚАРҒА ҚАПТАҒАН АУЫЛ

I
Ауылым, сені жалғыз сырлас десем,
Жанымды түсінбейді мұңдас бөтен.
Әр сәтім сағынышқа құндақтаулы,
Мен сені ұмытқам жоқ, қимас мекен!
Сарбаздай сауыт киген шоқылары,
Өзгермеген өзгеге жосыны әлі.
Өлеңімнің шабыты өшпейтұғын


Құнарлы туған жердің топырағы.
Сан түрлі сайранына салады өмір,
Батпырауық қуатын бала көңіл.
Реңімен ұп-ұқсас Бестөбенің,
Тамырдағы қанымда – қарақоңыр.
Ұяңнан түлеп ұшып қиыр қонып,
Өзімше жүрмін тірлік сыйын көріп.
Ұмытып шыныменен кеткенім бе,
Бір көріп қайтпады екем биыл неғып?!
Тамсанып бұлбұлыңа таң самалы,
Уақыттың керуенін қарсы алады.
Төбемнен ұшып өткен аяулы құс,
Ауылым, сен туралы ән салады!
Жарасар сені жалғыз сырлас десем,
Жанымды түсінбейді мұңдас бөтен,
Әр сәтім сағынышқа құндақтаулы,
Мен сені ұмытқам жоқ, қимас мекен!
II
Бестөбенің барқыт бел, жиегі гүл,
Сағынышқа сары ұлың сүйеніп жүр.
Маңдайыма тарыдай бақ біткені,
Таңдайыма жазылған киелі жыр.
Туған ауылым кетер ме естен бір күн?!
Бір хабар беретіндей көшкен бұлтың.
Қарқылдап қара қарға қорғап жүр-ау,
Анамның ошақ күлін төккен жұртын.
Құрдасымдай сыйласып, құшқан желі,
Жастығымның жарқырап ұшқан көгі.
Қолын бұлғап тұрады түсімде ылғи,
Әкемнің күн сап ұзақ шыққан белі.
Торы үйірі шұрқырап, дүбірі өктем,
Жанарларда жарқылдар ұлы көктем.
Қоңыр ұлын сағынып қоңыр үнмен,
Қоңыр дөңнен атағаш күбір еткен.
Елге деген елжіреп ғашық ойлар,
Қиял мініп Тәңіртау басын бойлар.
Күзеулігім құлазып күрсінеді,
Тай мініп, бала болмай асық ойнар...
III
Мезігіліне еркелеп келіп-кеткен,
Құс жолына үйірін өрістеткен.
Азуын айға білер тау шыңы мен
Күнесім күн бетіне қоныс тепкен.
Адыр-адыр, бел-белес, қыр мен қырқа,
Жалбыз, жусан, ермен мен бүрген-бұта.
Алтыбақан тебеді сам шоғыры,
Құс жолында көк көйлек киген жұқа.
Торы бесті қашады құрықты іліп...
Ойдан атам келеді суыт жүріп.
Ат тұяғын жасыл шөп нілі бояп,
Шақпы-сұлу күледі сылық-сылық.
Шың басында ақ бұлттар ебелектеп,
Селдір тұман тау іші, береді өткел...
Есімдегі елестер өшер емес,
Ғажап мекен таппадым сенен өткен.
Керімбектей төрімді кием етсем,
Бауырыңа басымды сүйеп өтсем...
Түтін болып жалғасқан тірлігіміз,
Анам жаққан ошаққа киелі отпен.
IV
Баласындай ғұмырдың асыранды,
Қыржелкеден қырсықтар басып алды.
Беу, Бестөбе, бір барып төгіп қайтсам,
Кеудемдегі лықсыған запыранды.
Кетті көктем несін ап, несін беріп,
Күз-сұлу құндыз қара кекілді өріп.
Кейбір жандар ат тонын ала қашты,
Жел ұшырған жапырақ секілденіп.
Жасырып жылан бауыр қамшы ізімді,
Жүргенде құлаң иек таң сызылды.
Сүмбіле қырын қарап, қабақ шытса,
Айдан аппақ мөдіреп тамшы үзілді.
Аспанға түн-сұлуы талша иіліп,
Өмір, саған сыр айттым сан сыйынып.
Қасіретімді қақпақыл қылды жылдар,
Қатал тағдыр сақамды қанша үйіріп...
Саныңды соғып қалған әттеңдерге,
Тәңір-ай, қарымжылап бақ берген бе?!
Қиналып, қыстығамын аласұрып,
Туған жерді сағынар сәт келгенде.
V
Бусанып бұйра бұлттарым,
Көзінің жасын төккен жер.
Ауылым, мен де сол бұлттай
Бола алмадым-ау, сөкпеңдер…
Кетіп пе ем, солай мәңгі ұзап,
Еске алам көптеп ол жайлы.
Туған жер неге жалғыз-ақ,
Неге екеу, үшеу болмайды?!
Маңгілік болса-шы одан да,
Болған соң, әйтеу, тегінде!
Риза боп онда соған да,
Жатар ем ұзақ төрінде…
Туған жер!
VI
Томпиып, қос бұрымын көрікті еткен,
Балалығым сол қызға еріп кеткен.
Сезім деген - жаңбыры жаз дәуреннің,
Ашық күнде сіркіреп төгіп те өткен…
Желден бетер уақыт желеді де,
Басқа түссе баспақшыл, көнеді де.
Болса алып, болмаса бере алмаған,
Сыйласпаған туыстың керегі не?!
Жүзімдегі шындығым жүр- ау жасып,
Сырыңды айтсаң кейбіреу сынауға асық.
Сағатымның сыртылы санап тауысар,
Самайымды барады қырау басып...
Тамсануы тоқтамай таңдайымның,
Әттегенді ішімнен сан қайырдым!
Күрсінісі көбейіп күндерімнің,
Әжімі қатпарланған маңдайымның.
Жадырап күліп тұрды жасыл уақыт,
Тағы да түн. Отырмын басым қатып...
Орнымнан үш ұмтылып, ашқанымша
Күнес кетті қақпамды тақылдатып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу