Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  84


Автор: Есләм Зікібаев

БҰРАЛАҢ ТІРЛІК

Шөңгені гүл қып бұралаң тірлік, бұлдырық...
Сарқылған сана сардардың сағын сындырып,
Маздаған отын қоламта қылып, күл қылып,
Қазақтың тілін ұл-қызым ұқпай жатқанда,
Анатолийдей, Герольдтай жерлестерімнің
Тілімді тіл ғып жүргенін жатыр кім біліп?!
Кім біліп жатыр?..
Иə, жатыр оны кім біліп,
Өзіңді ұғар ма, болмай жатқандар тілді ұғып.
Егемен елміз,
Ғасыр жүрмеген жолдарды
Қалсақ па дейміз аз жылда жүріп, үлгіріп.
Содан да шығар домбыра ұстаған орысты
Көрсек-ақ болды,
Ұрпағымызға үлгі қып
айтамыз,
Мына өлара шақта өлермен
өзімізді өзіміз жібермесек екен жынды ғып.
Демекші осы естен тандырып жындылық
Көңілімізге мынау уақыттың шаңын тұндырып
Тасқа жанырдай жігерімізді құм қылып,
Ерлікті езіп, ездікті бойға сіңдіріп
жіберер ме екен?..
Жатыр оны да кім біліп?..
Жас күніңді еске ап
«Қайран-ай сол бір жындылық...»
дейсің де қайрап жігеріңді алмас бұрғы қып,
Пайғамбар жасына келгенде мұқап, дымды ұқпай,
қорланасың-ау келгем деп кеше мыңды ұғып.
Сол «жындылығыңның» өзі де ертегі-елестей –
Жиырма бесті емес,
Елуді қойған мұң қылып.
Қояр-ақ едім, қояр-ақ едім,
Несі бар,
Бəрін қоюға жібермейді əттең есіл ар.
Ой таусылған соң, той таусылған соң тірлікті
түн-түнек қаптап кететұғынын есіңе ал.
Ойға да қалдық,
Тойға да бардық желігіп,
Жастықтың буы,
Мастықтың буы... нені ұғып
жарыттық, дүние дөңгелеп тұрды төбеде
Есерлік қуып, кеселдік буып, семіріп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу