Өлеңдер ✍️

  25.08.2022
  154


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Бір ауыз сөз

(Қ. Мүсрепов рухына)
Жақсының еркі жаманға тиген мезгілде,
Ел-жұртын тонап, есіріп алған ез мүлде.
Кесегін-ұсақ, шешенін қырты билесе,
Адамның қалай азатындығын сездің бе?..
Көкіректегі сау болса, қарашықтары,
Шарасына не сыйдырмасын көз күнде?!
Жазадай жайсыз, қазадай қатал бәлеңді,
Менсінбей өткен еркекті тыңда, ал енді!
— «Бейімбет жау ма? Мен де жаумын,» – деп салған
Кімге теңерсің жүрегі түкті Қабеңді?!
Өлім мен өмір ұстараның жүзінде,
Қабеңше бойлап, Қабеңше көрсең әлемді.
Өсірген жері, көсілген төрі нұрланғыр!
Тазалығының мысалы ғой бұл – мыңнан бір.
Арыстанның аузында тұрып сөйлейтін,
Ерлердің жаны ар-намыс үшін хұрбан дүр.
Жұртына барып, құлқына бағып толғанса,
Құнығатындай, құйылатындай жырдан-жыр!
Билігі барды әспенсіткенде тоқтығы,
«Биіктейді» екен аласаның да шоқтығы.
Бәйге алғандар мен қайғы алғандарды ойласақ,
Сұм заманның да, бұл заманның да көп міні…
Арманың бар ма, әділқазылар тобынан,
Білінбей тұрса, ер Қабеңнің жоқтығы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу