Өлеңдер ✍️

  25.08.2022
  89


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Төл мен төр

Көз жетіп, көңіл сеніп, көрген
өңін, Тілеуші ем өнерлінің
өрлегенін.
Жұмекен, Мұқағали, Жұматайға,
Тимеді-ау, өле-өлгенше, төрден орын!..
Төрден орын тимесе, төрлемедім,
Төрде отырсам, төменді жөндер едім.
Қайбірі сынықсиды, сыртын сылап,
Оңдырып жұргендей-ақ өңге жерін…
Өңге жерін оңалтса, ерлер едім,
Жұртымның шығарғанша, төрге өнерін.
Таңырқап, табар едің сонда менен,
Сұлудың суретіндей сөз бедерін.
Сөз бедерін танысаң, өңгелердің,
Қуаттап, қорғаушыңдай жол беремін.
Маскалы мәңгүрттерді тойғыза алмай,
Үзіліп кетер ме екен, өлмелі елім?..
Өлмелі елдің өңдірсе, өнбегенін,
Кісіге керегі бар өңге ненің?
Қазақтың сүйегі де сөз емес пе,
Ендеше, неге құрттық сөз беделін?
Сөз беделі дегенім – өз беделің,
Кеңірдек пе, мұратың, көздегенің?
Дарындыны даттайтын таққаұмардың,
«Қазақпын» дегені үшін жерге енемін.
Жерге енемін… жақсы еді көрмегенім,
Нем қалды өлеңімнен өңге менің?!
Қасымның қасіретті сыңарындай,
Аяқ бассам, көрсетті көлденеңін...
Көлденеңге жөн болмай, жөн дегенім,
Бұрды талай арбамның дөңгелегін…
«Қорға» жазған құндыма қырт ие боп,
Мылқаулардың добындай дөңгеледім.


Шығармаң «уысына» өнген егін,
«өзі алады», құлатып, көнбегенін…
Жұрт білді әлгі қырттың «жазушы» боп,
Орнына өнерлінің өрлегенін…
Місе тұтпай, дақпыртпен өрлегенін,
Қуыстанды, суытып, сөнген өңін…
Тек көзімді жоюдың жолын іздеп,
Бастады –басқа қолмен– көлденеңін…
Күйдіріп, әділетке шөлдегенім…
Жоқ екен осы «топтан» көрмегенім!..
Қимадым, жазғанды емес, жазарымды…
Өлтіріп, не қолында өлмек едім.
Өлмек едім, осылай – өлмегенім,
Жол бермеді, шөлдеген төл дегенің…
Жанашыр кұні бұрын сақтандырып,
Тайқып тиді, төбемнен төнген өлім!..
Шөлдегенге көрсетіп, көрмегенін…
Енді ұғындық алаңды өңдегенін…
Мың жылғы «қаңтар» айын, «желтоқсан» деп,
Дүмшелер шатастырды өлмегенін…
Білгірдің қадағалап өрмелеуін,
Ноқайға тиген ылғи төрдегі орын.
Тастанды сәбилерше айдың атын,
Естігенбіз опырып… өңдегенін…
Бабаның басып-жаншып, мол дерегін,
Қабылдау қателікті сор дер едім.
Асты да жұта алмады-ау, шайнап берген,
Балғабек айтты емес пе ең керегін.
Біреу кезеп тұрғандай зеңбірегін,
Шошығанға ақылды мен беремін.
Жасанды «білімпаздан» жарымайсың,
Төріңді толтырмаса, сенген ерің.
Түсірер қамшыгердей сермегенін,
Көрер ме ем білгірлердің өрлегенін!..
Орнында сұңғыланың сұмпайы жұр,
Ширығып, соны ойласам, шерленемін.


Шерленемін, шыдатпай, кернеген үн,
Жылатып, домбыраның пернелерін…
Шипалы, шежіредей күй шықпаса,
Қайқайып, қай бетіммен көрге енемін?!



Сілтеме: Балғабек Қыдырбекұлы күн тізбе туралы дұрысырақ
мақала авторы.



1990 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу