Өлеңдер ✍️

  25.08.2022
  84


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Айтқаның айдай келер ме?

(Дулат Бабатайұлына)
Жүрген жеріңдей, көрген төріңдей бұрынғы,
Орды да ұғып ... торды да біліп... құрулы.
Екі ғасыр ерте айтсаң-дағы аңқау ел,
Қазандай қаққан қызыл қырғынға ұрынды.
Жаманы жақсы, жақсысы жаман делініп,
Кермеден атың, ел деген ақын сүрінді.
Қаймағын алған, айраны қалған көк сүттей
Еліңнің жабық түңлігі түрілді.
Жеріңді кернеп, тұмандай тұтқан кең мұнар,
Халқын да сатқан, салтын да сатқан шенқұмар.
Қарасын сығып, парасын жиған болысы,
Отаршылдардың малайы болса, неңді ұғар?!
Көсіле күліп, сөгіле айтар шындық жоқ,
Серілерінен тарқамай кеткен серқұмар.
Кенедей кекшіл, Абылайдай алымды,
Ұлдарын көксеп, көз нұры тайған шерлі бар.
Талданар болса, екі жүз жылғы күнпарақ,
«Майырғаң қазақ басшысы – төсек, ұлтарақ.
Жетіпсің өзің жер-жебір, жекен-суына,
Бүлдірген бәрін «қылықты қыздай» қызталақ!..
Ошаған ұстап, кәріқыз тұтқан етекті,
Ұйысқан шашқа табылмағандай бір тарақ.
Табылар еді, арылар еді тікеннен,
Арылса егер сыбайлас, күңдес күңтамақ.
Бәстесе қалсаң тірілерімен егерде,
Ұтатын едің айтқаның айдай келер ме?!
Жартасқа тиген жебедей екен асыл сөз,
Қурайдай қуыс, нәрі жоқ, өңшең кереңге.
Қазағың содан торғайдай тозып кеткен ғой,
Жер-суға қоса, мал-мүлкін санап берерде.
Көрінген түстей, жұлынған тістей өтті өмір,
Шөберең түгілі, немерелерің сенер ме?!
Кемеңгер-ақсың жортарман жүйрік, жондыдай
Мұнша азапқа еркімен қазақ көнді қай?
Құдайдың өзі ниетке қарай, бере ме?
Ит жеккен асқан атмайын қимас тонды бай.
Қиянаткерлер айтқызбай келген атыңды,


Өзің тұрмақ, сөзінен шошып бомбыдай.
Тұлпарды тығып, есекке бәйге бергендей,
Сылтауы заман, арамның осы қорлығы-ай!
Данышпандарға, арыстандарға құмар ел,
Даналығыңа шашылған мұраң куәгер.
Шөп шыққан жерге шығатыны шын болса,
Тегіне тартып, шегінен артып туады ер!
Топаннан дәнді, қылшықтан майды бөлгендей,
Зейінділерім, Дулаттың түбін қуа гөр!..
Хас өнердегі қаттыбас, қайсар,Құлагер!
Өрт ақындардың ұраны болып тұра бер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу