Өлеңдер ✍️

  23.08.2022
  299


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Қажытайға

Ой толғап тұңғиыққа батқандайсың,
Желпініп жеңіл-желпі шаттанбайсың.
Бұрқанып, шамырқанған сәттерінде
Жанартау жалын атып жатқандайсың.
Адамын илеп нандай қамырлаған,
Айырған бізді талай Тәңір малдан.
Құбылмай, қулық қумай сен тұрасың,
Аршадай тасты жарып тамырланған.
Намысшыл өзің жазған тұйғын қандай,
Жымысқы пасықтарды тыйдың дардай.
Көрсоқыр көрместердің көзін ашып,
Санаға сөздің нәрін құйдың балдай.
Текті мал тұлпар десе, жаның құмар,
Сендей-ақ болар отты, жалындылар.
Тозаңың тұншықтырған кейбір топас
Кектеніп артта қалған шаңыңды ұрар.
Тастап ап насыбайдың бір атымын,
Биллиард шарын қандай ұратының?!
Өзгеше маған ұнар бір мінезің
Қақ жарып қара қылды тұратының.
Сиқырын сұлулықтың көргендейсің,
Таспалап тастан түйін өргендейсің.
Досыңа қажет болса жүрегіңді
Кеудеңнен жұлып алып бергендейсің.
Серілік сертің берік, жаңылмайсың,
Ел сыйлап, күнде шапан жамылғайсың.
Білерім, тілерім де саған осы,
Қырандай құз басында дамылдайсың.



Кәбір ҒАБДУЛЛИН
Халықаралық «Сорос-Қазақстан»
қоры мүшайрасының бас жүлдегері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу