Өлеңдер ✍️

  23.08.2022
  358


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Арман-ай!

(әні бар)
Дүние сенен де өтер, менен де өтер,
Әуенім аққуды да елеңдетер.
Тақ пен бақ, жиған-терген жолда қалып,
Ән жетер, кейінгіге өлең жетер.
Уа, дариға, арман-ай!
Заманның қайран қалып пысығына,
Шыдадым көр шегедей қысымына.
Көңілім арыстандай аласұрды-ау,
Көз жетпей қиянаттың ұшығына!
Уа, дариға, жалған-ай!
Жалыным барып-барып сөнер мейлі,
Сонда да өзегімді өнер жейді…
Әттең-ай, өкінішім шашымнан көп,
Ер жігіт тіршілікте не көрмейді?!
Уа, дариға, арман-ай!
Жан-жұйем ән-күйменен егіз бе еді,
Жүрегім жұртта жоқты неге іздеді?!
Ән қалар, құлағыңда мен кетермін,
Кемедей суға батқан теңіздегі.
Уа, дариға, жалған-ай!



1987 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу