Өлеңдер ✍️

  23.08.2022
  55


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Ертең ауыл көшерде

Қоңырқай кеш көк жиектен түсті аунап,


Даңғаза-шу, табысқан мал тысқы аумақ.
Әкем беттен жүген ұстап келеді,
Құнанымды көш атына құсбаулап.
Көмпіс анам көмекке жан шақырмай,
Үйін жалғыз жығып апты-ау, япырмай!
Шеңбер жұрттың иір-иір майсасы,
Итқорлықтан енді шыққан ақындай.
Шымқай қызыл керегелер жосалы,
Жайрап жатыр, тігілген жоқ қос әлі.
Опырайған орны қалып қазықтың,
Желі, көген төлден тегіс босады.
Шаршылаулы тендер қатар тәштиген,
Ыс иісті туырлықты тас түйген.
Әккі жеңгей сиырының желінін,
«Емізер» деп сылап шықты жас қимен.
Түйе біткен тізерленді іргеге,
Бұла бота оқшау боздап жүр неге?!
Ит екеш ит көкке қарап ұлиды,
Жұртын қимай, сезе ме екен бірдеңе?..


1963 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу