Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  91


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ОРТА ҒАСЫР

Орта ғасыр - Ару - он бес жастағы.
Бұлдырап тұр елес болып баста әлі.
Қайда жөнеп барады екен, сылдырлап,
Інжу-маржан шолпысының тастары?
Қарын қамы жоқ-ты онда,
Бас қамы -
Тәрік қылған басқаны!
Қасым ханым қандай еді, тексізді
«Қасқа жолмен» қаншама уақыт жасқады?!
Орта ғасыр - Абыз - кемел жастағы.
Шаштары да аппақ қардай, қастары.
Желмаямен желіп Асан Қайғы боп,
Алашымды - адамзатқа бастады.
Ол заманның бұ заманнан басқа әні.
Одан, бірақ еш бір ғасыр аспады.
Бетбе-бет пен жекпе-жектің уақыты ол,
Иттік пенен тексіздіктің қас жауы.
Сол ғасырда - адамзаттың асқағы,
Ғаламда жоқ Қазтуғанның дастаны;
Тұлпарлардың эпостағы тұяғы,
Сұңқарлардың аспаны!
Сонда қалды кісіліктің бастауы,
Білмейтұғын бекзаттықтан басқаны.
Қандай терең Шалкиіздің жырындай,
Қабат-қабат адамзаттық астары...
Қарын-қамы,
Қу қарақан бас қамы -
Тәрік қылған басқаны -
Капитализм - ақындардың қас жауы!
Ғаламзаттың бір уыс қып аспанын,
Адамзаттың мөлдірін де ластады;
...Алтындайын Алаш дейтін жұртымды
Аярлардың аяғына тастады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу