Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  73


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Мазалайсың сен келіп күнде мені....

Мазалайсың сен келіп күнде мені,
Қиял-ойым қияға түнделеді.
Ақжарықтан сұрап ем, айтар емес,
Шайтанкөлден сыр тартсам – үндемеді.
Мөлтілдетіп жас толы жанарымды,
Қалмасымды біле алмай, қаларымды –
Іздеп келем соңыңнан, тілі жоқтай
Тірі пенде айтпайды хабарыңды.
Қайдасың сен?
Қабағың түйіле ме,
Күпті болып көңілің күйіне ме?
Жаным, неге бір рет тіл қатпайсың,
Жоқсың ба сен бұл жарық дүниеде?!
Баяғыша, кел, қырда жүгірейік,
Тауға шығып, тасына сүрінейік.
Ару біткен көзді арбап жүрсе-дағы
Аспан асты тұр әлі үңірейіп...
Сені іздеймін, сонда осы не тірлігім,
Шарлап шықтым жаһанның шетін бүгін.
Немерелі болғанша, басқа әйелді
Жырлап өткен Тұманбай секілдімін!
...Түнде ұйқысын бұзбаған, таңда – шырқын,
Елге – ішін бермеген, жанға – сыртын –
Гүлнисасын ғана тек сүйіп өткен,
Бағдаттың да арманы бар ма, шіркін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу