Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  75


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ҚҰЛЫНШАҚ

Тұяғы тау мен тасқа ұрынса кеп,
Көгілдір – көкмайсадан құрылса деп –
Шымырлап құйын сезім, шапқылаған
Екеуіміз елжіреген құлыншақ ек.
Екеуіміз құлыншақ ек елжіреген,
Өмірге өле ғашық, өндір өрен.
Аң-таң қап қараушы еді қос құлынға
Аспаны Ақжарықтың мөлдіреген.
Шабайық мөлдірлікке, ал, қуанып,
Шабанның шалқар төсін шалқыма ғып, –
...Бір күні «жөнел» деді Қызыларай
Кигізген ит көйлегін тартып алып.
Айтпады біреу келіп неге қой деп,
Әлі де құлыншақпыз деген ой кеп,
Күрсініп тұр ек, өмір – сайқал әйел.
Шақырды құшағына: «Келе ғой...» деп.
Бір сәтте періштеден пері қылып,
Пәктікке деген балаң семіп үміт,
Тұншығып соның оттай құшағында
Құр сұлық жата бердік нені біліп?
Жыландай ирелеңдеп сайқал дене,
Сандалдық, жұртқа соны айтам неге?
Арбайды неше түрлі қылығымен,
Пендені пері қылған сайтан неме...
Өзектен өмір өтті жылып ағып,
Құлынның пәк көңілі, ділі қалып.
«Ім...» дедік, дүниенің сайтан білмес,
Сан қилы сайқалдығын біліп алып...
Бұзылған бұл ғаламның кескін – өңі,
Жатқан жоқ уайымдап ешкім оны,
...Шыңғырып бізді іздеген қос құлынның
Қиядан құлын даусы естіледі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу