Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  63


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ЕКІ ЖЫЛҚЫШЫ ТУРАЛЫ ЕКІ ТҮРЛІ БАЛЛАДА

Екеуі де тау ұлы,
Ел суарды екеуінің сауыны,
Сапырылып күбі-күбі қымыз боп,
Қатар жатыр екеуінің ауылы.
Орал ағам от – мұзда,
Тұрғанын айт қарауылдай боп құзда.
Ат үстінен түспейді Аяз ата боп –
Ақ – қар, көк мұзда.
Кім жылқышы дейді Сәмет ағаны,
«Волгасымен» олай-бұлай ағады,
Ол бір шонжар, алты мыңдай жылқысын
Қағылған мен соғылған кеп бағады...
Қос жылқышы... қос-қос қосты паң дала,
Ақ-қарасын білетұғын Алла да,
Ақ-қарасын білетұғын пенде де,
Екі ағам – бұл, екі түрлі баллада.
Хан тағында –
Осы ұлыстың қолына ұстап бағын да,
Орал ағам табын қосты – табынға.
...Сәмет жұрттың жауша тиді малына.
Заулап өтті содан кейін ағын жыл,
Көзден ұшқан сағым-дүр.
Орал ағам жылқышы әлі атақты,
Сәмет сиыр бағып жүр...
Сары аязда сақылдаса тісі кеп,
Көз алдына құба қылаң түсі кеп, –
Оятады ат үстінен Оралды,
Қалың жылқы кісінеп!
Тұяқсыз қалса алап – тұл.
Орал ағам арғымақты – қанатты ұл,
Қайда әлгі Қара айғырдың үйірі,
Қайда әлгі Құла айғырдың үйірі?!
Қара бұқа Сәметке қарап тұр...
Ел аманда, жұрт тынышта жұтаған,
Есіл малды табарсың қай бұтадан,
Қабақ түйіп қарап тұрған Сәметке,
Қорқам осы бұқадан!
Жалғыз қосты паң дала,
Қарайғанға қарайтындай шамдана:
Өзегіме құйылады өлең боп,
Өмір дейтін екі түрлі баллада...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу