Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  108


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Бір көрсем деп ем мен сені

Бір көрсем деп ем мен сені
Болса егер, жаным, бас аман,
Тұлғаңды мәрмәр еңселі
Талғампаз Тәңірі қашаған.
Шіркін-ай, жолым бола ма
Сен жүрген жұмбақ қалаға?
Қалада – сен, мен – далада...
Біраз жыл өткен арада.
Көзімнің алды теңіз боп,
Ерніңе шөлдеп, қаталап,
Қаңғырып кетсем сені іздеп, –
Мекенсіз, жайсыз, Махаббат!
Жүйрікке зымыран мініп ап
Біткенше бойдан хал, күш те,
Ақсам-ау, шіркін, зымырап
Адасып тапа-тал түсте.
Түкпірін шарлап қаланың
Таба алмай Сені әлі мен,
Автобустағы адамның
Сұрасам деймін бәрінен.
Елемей елдің кесірін,
Арманның айтып азасын,
Күллі елдің қағып есігін
Алсам-ау деймін мазасын!
Қаланың халқы елеңдеп,
Айтса аңыз адам білмеген:
«Ауылдан Серік деген кеп,
Ғашығын іздеп жүр!» – деген...
Көшеде қаңғып жүр екем,
Жанымды сұмдар азаптап.
«Ромео әлі тірі екен!» –
Деп күліп жатса мазақтап!
Қаланың көне сектасы –
Әйелдер аңқау жандарша:
«Кім екен Джульеттасы?!» –
Деп шіркін сонда таң қалса!
Біреуі сонда асығып:
«Білеміз оны біз десе –
Асылы оның, ғашығы –
Ғалия деген қыз!» – десе...
Табамын!!!
Куә – түн, жұлдыз!
Қайтпаймын осы антымнан!
Ғалия деген күллі қыз
Қорқады сонда даңқымнан!
Естісең Сен де бір күні
Аңызды осы гулеген.
«Бір дәруіш келіп (күлкілі)
Ғашығын іздеп жүр!» – деген.
Таба алмай сені,
Құлап та,
Сүрініп... суға малтығып,
Қонақ үй дейтін жұмаққа
Жетермін шаршап-шалдығып.
Тұрғанда шошып мен ертең
Кейпімді келіп көрсеңіз:
Көзіме түсіп телефон,
Есіме түссе – 09!
Тауып ап сонда таң атпай
Телефонның нөмірін,
Атылған асау шараптай
Аптығып кетсе көңілім.
Ғалия! Шерлі ділімде –
Жанталас! Қайтсем жетем-ау?
Осынау жердің түбіне
Сандалып келген екем-ау?!
Не дейін?
Тамыр-таныстан
Естіп пе ең өсек гулеген:
«Бір дәруіш келіп алыстан
Ғашығын іздеп жүр!» – деген.
Сол – менмін!
Шарлап қаланы
Сені іздеп жүрмін әлі мен.
Автобустағы адамның
Сұраған едім бәрінен.
Елемей елдің кесірін,
Жанымның айтып азасын,
Күллі елдің қағып есігін,
Мен едім алған мазасын!
«Ал, қош бол!» – дермін.
Тілсіздік.
Тағдырым іштен тындырып,
Махаббат деген – үнсіздік,
Жүректе тұрар шыңғырып!
Шерімді өстіп айтармын.
Сонан соң өксіп өз басым;
Ауылға қарай қайтармын
Көзімнен ағып көз жасым...
Купелес елді еріккен
Жан-күйім сонда мазалап:
– Келесің жылап неліктен?
Не болды, – десе – азамат?!
Үндемен.
Мылқау пақыр ем...
Осы елдің бәрі пейілі шат –
Алғашқы махаббатымен
Қоштасқан жылап мен құсап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу