Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  296


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

МҰРАТ ПЕН ЖЫЛҚЫШЫ

Мұрат:
Жылқышы, сөз сөйледің бала жастан,
Өнерің он жасыңда судан тасқан.
Іздеді жұрт жиылып кешке дейін,
Өзіңе лайық па мұнша қашқан?
Жеріңнен уағдалы табылмадың,
Құл, сенің басыңды алып, қаның шашпан.
Сөз шығар алты алуан көкіректен,
Бай – шешен, балуан – албырт, батыр – өктем.
Мініңді тура келген бетке айтайын,
Дәулеттің ұяты жоқ басқа біткен.
Алқаға қорғалақтап кіре алмадың,
Асылың жүрек жарды топқа тіккен.
Жылқышы:
Шырағым, таласпаймын болғанда шын,
Һәр жерде тауып айтса болмайды мін.
Мен кімнен айтар сөзге қорғалайын,
Ойықтың тізгін үзген бұлбұлымын.
Білгішсіп арғы жерден құлдық айттың,
Ә балам, некелі кім, некесіз кім?
Екі су – Еділ, Жайық, Жем саласы,
Төменгі Байұлының кең даласы.
Берішім, білгіш болсаң, осыны айтшы,
Некесіз Байұлының қай баласы?
Мұрат:
Өлеңге сен де мендей, мен де сендей,
Аяғы құлаша аттың гулер желдей.
Баласын Байұлының менен сұрап,
Жүр ме едің әлі тумыс, алқа көрмей!
Садаққа жарасады сырлаған оқ,
Жалындай екі жағым қып-қызыл шоқ.
Көрмеген әкең Базар қазан ұстап,
Баласын Байұлының менен сұрап,
Сен менен соң тудың ба, тәңірі ұрған боқ.
Інісін еншілеткен Алтын Жаппас,
Белгісіз Байұлының баласы жоқ.
Жылқышы:
Шырағым, сүйдедің бе, таласып-ай,
Кетпедің нысанадан адасып-ай.
Ерегіс екі талай болған жерде,
Қазақтың жеңбеймін бе баласын-ай?
Қазақтың нағашысын білгіш болсаң,
Шешең кім, тауып берші нағашыңды-ай?
Мұрат:
Жылқышы, мен сөйледім таласып-ай,
Кетпедім нысанадан адасып-ай.
Ерегіс, екі талай болған жерде
Қазақтың көнемін бе жаласына-ай.
Малғұн, байтақ жұртты құлдана деп,
Тумыштың жалақорын қарашы-ай?
Білмесең, ақылсыз құл, үйретейін,
Орта жүз, Құба дейді нағашымды-ай.
Жылқышы:
Шырағым, сөйледің бе шешіліп-ай,
Өкпеңнің таң етемін тесігіне-ай.
Қазақтың ата-анасын көп білесің,
Сол байдың кім жүріпті есігінде-ай?
Мұрат:
Тәуекел – хақтың ісі, бір Алладан,
Хаққа жат Алла десе, болмайды адам.
Баласын Байұлының білмей жүрсең,
Мешкей құл сабыр ет те оқы маған.
Көрмеген әкең Базар қазан ұстап,
Білмесең айыбы жоқ сұрағаннан.
Алқада сөз сөйлеймін шешіліп-ай,
Өкпемнің таң еттің, құл, тесігін-ай,
Малғұн, байтақ жұртты құлдана деп,
А, шіркін, жолығарсың кесіріңе-ай?!
Қадірқұл, Тастанбегің құнсыз кеткен,
Еркесін Беріш көрдің бе есігінде-ай!.
Сарғайып, үркер ауса атады таң,
Сескенер өлім десе, шыбындай жан.
Алдынан қара қазақ олжа алған жоқ,
Бабамыз ұран айтқан соң Ағатайдан.
Ағатай-Беріш болғалы ұранымыз,
Аққұлы, Қаратоқай тұрағымыз.
Жылқышы, толы жұрттан оздым дейсің,
Жеңіспей енді басылмас құмарымыз.
Сөз деген сөйлеген соң сөзден өнген,
Кетеді тілдің несі сөйлегеннен.
Таласпа есің болса, ей Жылқышы,
Тентіреп атаң сенің атама ерген.
Ойлашы, дүние шіркін өтер жалған,
Өткен соң жігіттікке әркім де арман.
Шұбырып «Ақтабаннан» айналғанда,
Жылқышы, анаң сенің сауын сауған.
Алшында қара қалмай жұтағанда,
Есболай Борсық қыстап, аман қалған.
Қоңсыдан қиямет күн деген сөз бар,
Өстеді, сірә, қазақ асыраған.
Нанбасаң ұлы кәрі көптен сұра,
Осыны үлгі етпей ме ата-бабаң?!
Біз ауыз, ақын, сенен сөз сұраймын,
Сол күнде хан еншісін кімнен алған?
Білмесең, ақылсыз құл, үйретейін,
Алдардан енші алыпты Нұралы хан.
Келеді он екі айда ұлы құрбан,
Хан ұлы қарашасын құлы қылған.
Түрікпенді Шерқаладан бостырғанда,
Алыпты жұрт олжасын Сырымыңнан.
Біссімилла, сөз бастайын жаббар құдай,
Асылым – топырақтан, денім – судай.
Өтпеген атса мылтық, шапса қылыш,
Өтіпті Тағашыда батыр Мыңбай.
Бердібек ізін басып жедел өсті,
Жұрт білген Сұлтанкелді, Көктаубайды.
Күніне алпыс екі қамал бұзған,
Бабамыз әулие өткен Ағатайдай.
Ақтардым кейігеннен өткен істі,
Бұрынғы атамыздың ісі сондай.
Жылқышы:
Шырағым, дау оқып па ең бала жастан,
Өнерің он жасыңда судай тасқан.
Тыңдасаң ерлерімді мен айтайын,
Өтіпті Қадырқұлда Бітік, Баспан.
Былайғы судың басы – Қобдал, Елек,
Екпіндеп сөз айтасың бөлек-бөлек.
Байұлы он екі ата дағдарғанда,
Дүйімбай қол бастаған батыр Төлек.
Өлеңге сен де дайын, мен де дайын,
Жүйрік бол, жүйрік болсаң не қылайын?
Қаратау, Жаңабай мен Жалғас өтті,
Мен кімнен айтар сөзге қорғалайын.
Түскенде қырық күн тұман Шерқалаға,
Бастаған Байұлыны Телібайым.
Мұрат:
Дау емес, жол оқыдым бала жастан,
Өнерім он жасымда судай тасқан.
Байғұс-ау, ақын болсаң шыңына бар,
Қарарсыз өтірікке құр таласпан.
Қалмақты ер Итемген бостырыпты,
Сол күнде қоныс бермей Қарағаштан.
Қалмақты Қарамайсы Төлес қуып,
Қаңғырып қасына ерген Бітік, Баспан.
Ойлашы, дүниенің өзі жалған,
Өткен соң жігіттікке әркім де арман.
Баласы Кіші жүздің адасқанда,
Есболай әулие еді атқа қонған!
Баласы Есболайдың ер Итемген,
Борсықта үш жыл қыстап, мұра салған.
Нанбасаң ұлы кәрі көптен сұра,
Осыны үлгі етпес пе ата-бабаң?
Былайғы судың басы Қобдал, Елек,
Екпіндеп сөз айтасың бөлек-бөлек.
Жігіттің халқына тиген пайдасын айт,
Сырғия ұрыны айтып неге керек?!
Қашқанда қазақ елі Сейілханнан,
Мінгесті Саржалаға сіздің Төлек.
Өлеңге сен де дайын, мен де дайын,
Жүйрік бол, жүйрік болсаң не қылайын?
Түскенде қырық күн тұман Шерқалаға,
Жүріпті қосшылыққа Телібайың.
Бар болса бір сырғияң батыр дейсің,
Мініпті Көбек байдан аттың майын.
Түрікпенді Шерқаладан төрт бостырған
Адайдың естіп едің бе Құдабайын?
Бұл сөзді келтіремін жоқтан бардай,
Жігіттің сұлу құшқан көңілі дардай.
Өтіпті Атағозы, Өмір, Темір,
Бірінен бірі өтеді ақ сұңқардай...
Құлбарақ, батыр өтті Дауымшардай.
Сөйлесем мен бір шешен сөз байлаған,
Жол айтып көкіректе тіл сайраған.
Олжасыз өзге қазақ құр қайтқанда,
Табылды найзасына қыз байлаған!
Сөйлесем сөз өнеді өз тілімнен,
Сауранда ел шабылып, жұрт бүлінген.
Баласы Кіші жүздің адасқанда,
Есболай әулие еді атқа ілінген!
Құтылар қашқан жаудан, көшкен жұттан,
Байлығы Байұлына болды құптан.
Жалмырза Есболайға қоңсы қонып,
Бата алып, Тана Есенкелді мұнан шыққан.
Ерлігі – билік пенен құтпан байлық,
Ежелден бар емес пе еді біздің жұртта!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу