Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  195


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

МҰРАТ ПЕН ТЫНЫШТЫҚ

Мұрат:
Аттандық жексенбі күн Бозашыдан,
Жөнеліп сол ауылдың қорасынан.
Бытырап халық ішіне тозып қондық,
Жігіттің бірікпеген оғашынан.
Бір талап жөнелерде ойлап кеттік,
Аз жерге жағаласып ойнап кеттік.
«Аулына Қырықбайдың барайық», – деп,
Уағда қағаз жазып, байлап кеттік.
Жиылып кешке қондық Жылқыбайға,
Қаз-үйрек ұялайды терең сайға.
Бойынша уағданың ерте шығып,
Тап болдық Құлшанікіне піскен шайға.
Түстендік «жол болар» деп жөнелерде,
Ақпанның сүт кенжесі Сәтбай байға.
Бесінде өттік гулеп Тағашыдан,
Күн менен жалғыз кірән арасынан.
Бұрылып Баймағамбеттен жөн сұрадық,
Ер Ырсымбет Мұнасовтың баласынан.
Болғанда ақшам уақыты келіп түстік,
Төлептің Қылышкестен арасынан.
Біздің ел ат аямайды шабуылға-ай,
Қыс болса семіз мініп сабылуы-ай.
Ол күні жетпеген соң қона кеттік,
Сол жерде Байбарақтың аулына-ай.
Түстендім Шүрен деген бір ағама,
Ет пен шай онан тағы табылуы-ай.
Өреді шеткі үйінен сегіз жүз қой,
Байлық бар біздің елдің қалыбында-ай.
Шақырған ойын қылып Тоқтамыстың,
Мінекей жаңа жеттік қауымына-ай.
Сөйлесем сөз айтамын келтіріп-ай,
Өкіндік семіз атты өлтіріп-ай.
Алыстан мойын созып келген күні,
Тап болдық тісі қайтқан кемпіріне-ай.
Даусымды тыңдайды әркім тосынында-ай,
Ай жарық, әні сұлу қосылуға-ай.
Кемпірмен елудегі айтыс деген,
Шеркештер, қорлық білдім осыныңды-ай!
Тыныштық:
А, жаным, дүниенің өзі жалған,
Жігіттік қолдан келсе әркімге арман.
Бүйректе Тұрлан аулы той қылғанда,
Сен бе едің кер атпенен күндіз барған?
Сен қашып айтыса алмай кеткен күні,
Артыңнан осы кемпір шапан алған.
Өмірің өте шығар пелде-пелде,
Білмейді пелде өткенін кей шерменде.
Сен қашып айтыса алмай кеткен күні,
Артыңнан шапан берген мен кемпірге
Мұрат:
А, кемпір, дүниенің өзі жалған,
Жалғаншы қолдан кетсе әркімге арман.
Тұрланның мұндай жерде аулын айтпа,
Ауылды айтпас болар қырсық шалған.
Жорықтың алды оңбаған, арты оңбас-ты,
Бес ауыл өлген шіріп Жәдікбайдан,
Шығарды тойға күндіз бір шытыра,
Шапанды ұрлап берді ме түнде саған?
Әркімнен дүние өтеді пелде-пелде,
Білмейді пелде өткенін кей шерменде.
Жолаушы жалғыз атты қона алмайды,
Мырзалық қайдан болды сіздің елден.
Шығарды тойға күндіз бір шытыра,
Шапанды ұрлық-тағы түнде берген.
Тыныштық:
Өлеңге сен де телі, мен де телі,
Айқайлап даусым шықса, шығар белім.
Бұл жерде Беріш пен Шеркеш сыбай отыр,
Менің аз мақтасам да көрмегенім.
Халық қалап Бекмағамбет хакім болып,
Сіңіп жүр Дүйсе, Құдас рулы елің.
Ерікті онша, Беріш, мықты болсаң,
Неғылып жалғыз үйлеп тентіредің?
Мұрат:
Құрттың-ау білмей айтып амалымды-ай,
Халқымның шүкір етем аманына-ай.
Халық болып өз еркіммен көшетұғын,
Қазақ-ау, күнің бар ма баяғыдай?
Үш арыс Алдабергенде Жауғашты бар,
Санап ал, басы Айжарық, адамыңды-ай.
Еріксе Шеркеш сояды отырмаққа,
А, сорлы, бұ күн шықпасын залалыңа-ай.
Жарасар қызыл шарқат талма бойға,
Тарықса табылады ақыл-ойдан.
Еріксе Шеркеш сояды отырмаққа
Қойыстан сыбай аулы үшеу сойған.
Сөзіңді жолсыз айтқан тыңдайын ба-ай,
Айтпасам кім біледі мұндайыңды-ай.
Еріксе Шеркеш сояды лақ үшін,
Мас болып жарды тасым Шылбайыңдай:
«Ақпышақ» қолы қандай тентек ауыл,
Көршілес сонан көрерсің уайымды-ай.
Тыныштық:
Өлеңге сен де дайын, мен де дайын,
Зырқырар айқын жүйрік шапқан сайын.
Ерікті онша, Беріш, мықты болсаң,
Жолым мен қайда қаңғырды Тілеубайың?
Ар жақтан Жолым, Тілеубай қашып өткен,
Нарыннан күн көре алмай сасып өткен.
Бір жолы Баймағамбетке қоңсы қонып,
Ішінде Қаракемпірдің кәсіп еткен.
Қаңғырған Байұлының қорғанындай,
Ағаңа Тәңірберген нәсіп еткен.
Мұрат:
Ар жақтан Тілеубай мен Жолым өткен,
Жерінде көкжал бөрі болып өткен.
Нарында хан баласын итше сабап,
Ер еді дүниеге қолы жеткен.
Сен Жолымды білетін бе ең, неғып өткен?
Жайықты талқан қылып жарып өткен.
Нарында хан баласын итше сабап,
Астына табанының салып өткен.
Қазақтай салт атымен қаңғырған жоқ,
Бар жинақ қара орманын алып өткен.
Ер шықса сіздің елден іс оңбайды,
Тұрланды Сахарнайда ит жеп кеткен.
Құдайым, айырмағай осы бақтан,
Сөйлесе өнеді сөз тіл мен жақтан.
Хан келіп ат бауырынан қажасқанда,
Қайғысыз ер туады біздің жақтан.
Қоғада екі жүз үй Қылышкестен
Не керек, байғұс, саған ерегіскен?
Кеше арттың Баймағамбеттен екі нарды,
Қашаннан қара бітті ме жарлық тескен?
Еліңде «шөк» дейтұғын бір түйең жоқ,
Мойныңды қамыт пенен арба тескен.
Бәшеннің шаңдатады тай-құнаны,
Үстіңнен шөлейтті жеп баса көшкен.
Беріште Әлжан, Бәшен ұйылған бай,
Соғымға отыз асау сойылған бай.
Айжарық, Дүйсәлімен ат мініп жүр,
Шеркештер қайырына тойынғандай.
Қоғада екі жүз үй Қылышкестен,
Санап ал жұрындай жоқ, қоңың қандай!
Тілімен бір қатынның ерегісіп,
Мінекей, жаман сөздің болғанын-ай!
Айтпаймын білгенімді не қылып-ай,
Ашумен өкпем отыр қабынып-ай.
Қатынға үй арасы қор қылғанша,
Мені сал Арқада Әлім, Табыныңа-ай.
Баласы Байұлының бәрі ағайын.
Ашумен тілім тиді бауырыма-ай!
Отырмын сөйлейін деп ерігіп-ай,
Аттайын арпа жеген желігіп-ай.
Қатынға үй арасы қор қылғанша,
Мені сал шет жердегі өліміңе-ай.
Тілімен бір әйелдің қатты кеттім,
Жігіттер, тік тимесін көңіліңе-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу