Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  198


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

МҰРАТ ПЕН ЖАНТОЛЫ

Мұрат:
Жантолы, жас күнімнен болдық телі,
Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.
Көп айдың көрмегелі болды жүзі,
Жантолы, үйіңнен шық көріскелі!
Жантолы:
Құдеке, жас күніңнен болдық телі,
Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.
Көп айдың көрмегелі болса жүзі,
Асықпай атыңнан түс сөйлескелі!
Мұрат:
Жантолы, жас күніңнен болдық телі,
Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.
Ақырып ат ұстамай, аттан түс деп,
Қарағым, маған айтшы, ненің желі?
Жантолы:
Болғанда сары жұлдыз қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Асығып, ат ұстамады деп айып етпе,
Көңіліміз – ояу, көзіміз – ұйқыда еді.
Мұрат:
Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Болғанша тапа-тал түс ұйқың қанбай,
Деп пе едің, хас әулие, таз немені?
Жантолы:
Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Айтқаның қатынөсек – басыңа сын,
Құдеке, дардай етіп аз немені.
Мұрат:
Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Айтқаны қазекемнің өсек пе еді,
Мұқым-ақ, іріңі аққан таз деп еді.
Жантолы:
Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Дос бар ма, осы күнде бәрі дұшпан,
Айтады дардай етіп сәл немені.
Мұрат:
Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Тіліне бұл қазақтың енді нанбан,
Ақ кеуде мал болмастай жан деп еді.
Жантолы:
Құдеке, асыранды қазым қашты,
Жүргенде өзімсініп, жазым қашты.
Елжіреп іші-бауырың түсе берсе,
Емдесек, жазбаймыз ба жалғыз басты!
Мұрат:
Жантолы, асыранды қазың қашты,
Жүргенде өзімсініп, қазым қашты.
Әсеттің туысына қарсы келді,
Байғұс-ау, арқандап қой, тазың қашты.
Жантолы:
Құдеке, әжептәуір сөзің сенің,
Қудалау сын емес пе ердің кемін.
Елжіреп іші-бауырың түсе берсе,
Айтып кет, а, құдеке, таздың емін?
Мұрат:
Тамырын таз кісінің қиған болар,
Күл сеуіп, аққан қанын тыйған болар.
Бір шерек іскеметер, күкірт, сынап,
Қайнатып көк дәріні құйған болар.
Бір жұма көк шүберекпен орап тастап,
Қан-жынын ыссы сумен жуған болар.
Жантолы:
Аз екен ел қыдырып көрмегенің,
Ойыңда тағы бар ма көздегенің.
Дәрудің жеті түрлі барын біліп,
Таз ба еді он жасыңнан емдегенің?
Мұрат:
Аз еді ел қыдырып көрмегенім,
Ойымда тағы да бар көздегенім.
Таз бенен ақбас қотыр бір нәсілді,
Ақбасты көрмеймін бе емдегенін?
Сол уақытта Жантолының күйеуі: «Қойсайшы енді», – деп, қатынын қолымен қаққан екен, сонда Жантолы айтыпты:
Бір қақтың ақ етіме ашуменен,
Жігітке ашу ұят асыл деген.
Ұрынған өзі келіп Берішке тимей,
Мен бе едім ақ қарабас құрт басын жеген?
Мұрат:
Бір қақты ақ етіңе ашуменен,
Жігітке ашу ұят асыл деген.
Бір түгіл екі соқса, жаның шықсын,
Осының кісі келер ме басын көрген?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу