Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  1032


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

БІР ДОСҚА

Сәлем айт бізден дұға Есей биге,
Сенеміз қауысқанша ғапы дүние.
Біз тұрмыз сау-саламат халық ішінде,
Өзіңнен бөтені жоқ көрген көпті.
Қауыстық халыққа келіп сау-саламат,
Бұ сөзім қауысқанша, сізге аманат.
Көп көрдім құрметіңді татулықпен,
Тағы да қауыстырғай, Аллам, саған!
Тағы да Аллам аман қауыстырғай,
Еткен соң еш құрмет ауыстырмай.
Бек қибат дүниеде тәтті көңіл,
Құдайым сақтағайсың ауыс қылмай.
Құрметің дүниеде балдан шырын,
Айтайын мінезіңнің қайсыбірін.
Алашта досым да көп, құрбым да көп,
Өзгеге ұқсас емес сенің түрің.
Қызметің хан ұлындай болған сіздің,
Жаманның бұлындай бар басқан ізің.
Бір жасап Лұқпандай шаттанамын,
Қауысып аман-есен көрсем жүзің.
Хұлқыңды сағынамын айта берсем,
Тілектес дүниеде құрмет десем.
Құдайым қауыстырғай аман-есен!
Деп білдім сіз бір асыл алшындағы,
Көңілге алған заттың айтылғаны.
Озады қанша жүйрік те өз тобынан,
Бір жақсы деп білгенмін халқыңдағы.
Дүние алмағайып көре алмасақ,
Балаларға хұлқыңды айтармын артымдағы.
Дүние қайғы етуім алмағайып,
Әр жерге мінезіңді айттым жайып.
Бұл сөзді сағынғаннан бәйіт еттім,
Сәлемді жеңілдікке жүрме сайып.
Бұ сөзді бәйіт еттім сағынғаннан,
Әуелде тәтті көңіл қалынбаған.
Сағынып мінезіңді хат жазамын,
Көргенше қалай болады деп жазым заман.
Құрметің артық еді төре, хандай,
Лебізің, сөзің – шырын тәтті балдай.
Мырзалық билігіңді жарастырып,
Беріпті бір басыңа қапы қалмай.
Бұ хұлқың Аллаңа – жол, халқыңа – мақұл.
Дүние кімнен өтпейді атқан таңдай.
Дүние пікір етсең болар жалған,
Жалғаншы дүниеге әркім де арман.
Қайғысын бұ секілді көп ойласам,
Біз түгіл дүние өтті Сүлейманнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу