Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  463


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

БЕРІШКЕ ТІЛІ ТИГЕН БАЗАРҰЛЫ ТІЛЕККЕ АЙТҚАНЫ

Ел едік Байұлында Беріш деген,
Ел бар ма дәрежесі тегістелген.
Ерегес екі талай болған жерде,
Жүлдеге кім таласты Берішпенен?
Басшым бар әр заманда ел ұстаған,
Билікпен жоғарыда өрістеген.
Жүлдесі жұрттан озған шешенім бар,
Шаңына қазақ ұлы еріспеген.
Кезенген әрбір іске шеберім бар,
Басқаға бір өлімнен ен істеген.
Жүлделі жұрттан озған батырым бар,
Әр жерде таңданғандай іс істеген.
Демеген қазақ оны неге істеген,
Іс болды айтқан сөзің келіспеген.
Не болар татушылық керіспенен.
Ежелден Адай, Беріш тату едік,
Сын тағып бір-бірімізге көріспеген.
Үлгісін бұрынғының білмей сөйлеп,
Берішті қашады депсің періштеден.
Тіліңді жаңа бізге тигізіпсің,
Сасқанда Беріш болды төрешіңіз,
Беріштен Сыдық пенен Сұлтан өтті,
Жері жоқ сыналғанда кеміспеген.
Кәлендер, Айтмұханбет әр жақта Арал,
Зікірмен Ғалым көңілін жемістеген.
Кемсай, Қашы, Мәкен арғы жақтан,
Жер бар ма олар жүріп көріспеген.
Ғұламам Еркін, Қали, өтті Оразай,
Өткізген тамам өмірін дәріспенен.
Оқыған кәлам шариф қарилыққа,
Арабтар қазақ түгіл еріспеген.
Осынша астанаға тіл тигізіп,
Өлерсің ауыр жаза борышпенен.
Топырыш көп көрмеген сендейлерді,
Шаппай-ақ шаршатамын желіспенен.
Шырағым, бәрекелді ақыным-ай,
Сөйлепсің бұрылып сөз жақыным-ай.
Болған соң қорқақ, надан не табасың,
Әуелде айтпаған соң сақтанып-ай,
Сен түгіл сегіз арыс Адайыңның,
Бұл Беріш қашан сыйды тақымына-ай?!
Әліммен Қарақұмды жаулап болып,
Жауласып, қан төгісіп ақырында-ай,
Айтысып Беріш саған әпергенде,
Таң қалған дүйім қазақ ақылына-ай.
Әперген Айтуар еді Байнақпенен,
Жүр едің одан бұрын нендей күймен?
Кір жуып, кіндік кескен қонысыңнан,
Айрылып бір бөлек жыл ішің күйген.
Бәрінен осылардың хабарың жоқ,
Аптыққан сен бір ғылмыз елге тиген.
Аптығып сөз сөйлепсің елге тиіп,
Жүре алмай надандықтан аузың тиып.
Білдім деп бес-ауыз сөз мақтанасың,
Көрмеген әкең базар сен бір тұйық.
Бәсеке бар деп тілім айта қалса,
Шырағым саған қалсам таудан биік.
Тұғырық топ көрмеген не демесін,
Одан да бол мұтиға басыңды иіп.
Ақылын Тегісбайдың Әлім шарып,
Алғанда бар малыңды желіңді қиып,
Жар салып шақырғанда жұртты жиып.
Артынан Қаратоқай Есет қуды,
Түсірген дұшпаныңды нардай қылып.
Артынан Дәрі мемен Есет қуған,
Жылаған ой-бауырым деп қалмай шудан.
Алдында қара мойын серкесі бар,
Қайтқанда серкелі қой тасқын судан.
Дәрінің мылтық тиіп қолтығынан,
Бар жанын Адай үшін пида қылған.
Қайраттан пайда көрмеді артық туған,
Білмесең маған келіп тағылым ал,
Көрмеген тарих сөзін сен бір будан.
Сен үшін батырларым өлген жаудан,
Кездесіп бір заманға келген қаудан.
Ақырсам тырп етпейтін Тәжіке едің,
Қамалған күнде түсіп шықпай аудан.
Сен түгіл Абыл, Нұрым, Ақтандарың,
Берішті тілін тыйды жамандаудан.
Алшында қара қалмай жұтағанда,
Байұлы Ерназардан сауын сауған.
Шотаның Есболайға еріп келген,
Сол күнде қоңсы қонып тартқан қауға.
Бәрінен осылардың хабарың жоқ,
Сөйлесең елге тиіп есің ауған.
Шабылды Сүйінқара Түрікпеннен,
Маңдағы қазақ қашты үріккеннен.
Әуелде кеткен кегін қайтармаққа,
Ауызы Сейілханның біріккеннен.
Түрікпен төрт мың кісі қайысқан қол,
Керейді үш күн шауып жүріп көрген.
Шулатып төрт жүз жесір-жетім алып,
Жинаған жеті атадан мүліктенген.
Артынан кеткен жаудың қуынбаққа,
Саралап атын ерлеп іріктенген.
Құлбарақ, кекшіл Көбен кетті бірге,
Тап болып сол қуғынға ілікеннен.
Құлбарақ, Жапарберді, кекшіл Көбен,
Секілді алмас қылыш кескір Көбен.
Қасында Байтоқ пенен Батырбек бар,
Мес болып ашуланса сес бермеген.
Барлығы бел немере сап батырлар,
Жау десе жан аямас дестірменен.
Ерлері Қаратоқай сол жерде өлген,
Құлақ па олар кім деп естілмеген.
Абылдың соның үшін айтқан сөзі,
Жат болып бүгіндерге ескірмеген.
Соларды Абыл ақын баяндаған,
Айтқанмен сөзін көпке жая алмаған.
Ескертіп кейінгіге еткен ісін,
Кемдікке ерлерімді санамаған,
Бір жанын халық үшін аямаған.
Мылтыққа түтеп тұрған қарсы шауып,
Өлем деп шыбын жанын етпей қауіп.
Түрікпен төрт мың қолға жалғыз кірді,
Тұрғанда жаудың оғы қардай борап.
Аз қазақ көп кісіге қарсы тұрған,
Қашуға қара басып бетін бұрған.
Түсіріп Құлбарақпен он батырды,
Түрікпен қаптай шауып қолды қырған.
Адайдың қатыны мен баласы үшін,
Он батыр сол соғыста болды құрбан.
Тілегі Құлбарақтың қабылды жан,
Ер еді жеке туған Табылдыдан.
Қызынан түрікпеннің туған екен,
Әуелде келген алып шабындыдан.
Құлбарақ жау қолына түскен кезде,
Сүйінің кеткен қашып жабындыдан.
Ер болса жаудан қорқып қашқан адам,
Жалтақтап жамандардан сасқан адам.
Қамы үшін қатын-бала қашпай өлген,
Кім шықты олардан соң астанадан?
Ер деп Батырбек пен Құлбарақты айт,
Жан үшін ер намысын тастамаған.
Ер емес Сүйінқараң бүлдіріп еді,
Арасын қарындастың баспалаған.
Ер болса жанын аяп неге кетті,
Жесір мен шулап туған жас баладан.
Жан емес ат шығарған қорқақ мақтан,
Құтылды жалғыз шауып Жапарберді,
Кек алып келген қарсы Назарбастан,
Бақиға бауыздаумен найза салып,
Қызыл қан ат бауырынан судай аққан.
Осынша астанаға тіл тигізіп,
Ат қойып саған жоқ па айдар таққан.
Адайың сегіз арыс кеміте алмайд,
Тәжіке, сендер түгіл бұзау баққан.
Шырағым, білмеуші едім, жайларыңды,
Аз білдің өзің түгіл ондағымды-ай,
Тап келдің бар кезіне жауаптассаң,
Азырақ айтар едім ойдағымды-ай.
Қазақта қанша жүйрік бар дегенмен,
Өзімнің бола алмай тайларымдай.
Жел сөзді тәңірім берген теріс жолдап,
Жүр екен тентектігің пайда бермей.
Баяндап батырымды бітірген соң,
Тыңдасаң, тағы айтайын байларымды-ай,
Арқаға Сүйінқара асқа келіп,
Аулыма бір күн қонып айрылдым-ай.
Қонатын жүз кісімен кім бар десе,
Көрсеткен батыр Есет Байнағымды-ай.
Түсіріп жүз кісіні бөлмей-жармай,
Барлығы бір кісідей шайланады-ай.
Ту бие сол кісіге сойып беріп,
Жеткізген шай мен қымыз айранын-ай.
Адайда сақилықпен сегіз арыс,
Бар ма екен ерлік еткен қайда мұндай?
Мақтасам шалқып жатқан ерлерімді,
Нашарды есіркеген жебеуіммен.
Байұлы он екі ата салмақтаса,
Қасынан өлшескенде кім ереді?
Бегісте берен жомарт Сердалым бар,
Шығыпты Жұбан, Қоныс еңбегімен.
Адайдың азып-тозған жорықшысы,
Тек мінді алпыс аты Көбегімен.
Құл еді Дәуімшардың қасына ерген,
Ол аттың майын берген, басын берген.
Тарығып кім келсе де жүз батырға,
Санамай ат-тонымен асын берген.
Кешегі Досан, Сүгір, Қалбикеге,
Санамай талай атты тасыр берген.
Шырағым, білмей жүрсең білдірейін,
Иесі қалған мирас асыл ерден.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу