Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  81


Автор: Нұрлан Қалқа

Жаса елім

(Толғау)
Нəубет келiп шаңырағым шайқалған,
Адам азып асып түскен шайтаннан.
Тұрар сынды хас батырлар санаулы,
Кезi жоқ-ау шындық үшiн тайсалған.
Небiр шешен тiлдерiнен бал тамған,
Айрылды бiр үзiм нан, талқаннан.
Қазағымның кiл қаймағы қуылып,
Зиялылар «халық жауы» атанған.
Шежiресiн дастан етiп айта алған,
Қонақ келсе барын берiп қайтарған.
Күйi қашты қазағымның қайтейiн,
Сталиннiң сесi шықты қайта алдан.
Қу жан үшiн жақынына тас атқан,
(Үш əрiптер қара тiзiм жасатқан).
«Халық жауы» отбасы да тоз-тоз боп,
Көздерiнен қан аралас жас аққан.
«Қызылдар» кеп елдi бұзды дiнiнен,
Ұрпақ бездi ата дəстүр,
дiлiнен.


Кеңес халқы «ұлы тiлде» тiлдесiп,
Жетпiс жылдай кемдiк көрдi тiлiнен.
…Ел басынан өттi талай зауал күн,
(Сөнгенiмен,
тыртығы бар алаудың).
Бабалардың ар-намысы деп бiлем,
Көк жүзiнде желбiреген Жалауды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу