Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  90


Автор: Нұрлан Қалқа

Асыда

(Баллада)
Сылдырап аққан бұлағы,
Желкілдеп өскен құрағы,
Асы деген жайлау бар,
Көңілім соған бұрады.
Жайқалған беткей – Көкбұлақ,
Асының төсі – кең тұрақ.
Төс пен Жамбас,
Дайын сай,
Қарсы алар барсаң, жөн сұрап.
Қарағай, шырша, көк майса,
Қоңданар малың жеп, тойса.
Желіде құлын бебеулеп,
Өріске отар бет қойса.
Жайлаудың көркі – ақ бұлақ,
Арнаны қуар шапқылап.
Асының бағы – саф ауа,
Табиғат шіркін, тапқыр-ақ!
Табаның тисе Асыға,
Жорырсың оны жақсыға.


Көзіңе ыстық көрінер,
Қыналы қара тасы да.
Шығыстан атса таң күліп,
Сілкінер жатқан маң мүлгіп.
Шырылы құстың сол мезет,
Жайлауды тербер əн болып.
Қиқу салып қаздар да,
Айналар дала базарға.
Ін қазып ойнар Ақтөбет,
Қарамай берген асқа да.
Жайлаудың таңы тез атар,
Қалаға келер кез қайтар.
Өшпестей əсер қалдырды,
Алыстан Асым көз тартып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу