Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  248


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Қаралы күн

Барлық кәсіп жасалмайды шамалап.
Жылқыны да қоюшы еді тағалап.
Ақы төлеп ұшағыңа мінгенде,
Адам жаны,
Саған берген аманат.
Қанат қақпай құлап түсті құс, қайғы.
Қайғырып жұрт жағаларын ұстайды.
Ақ сенімі ақталмаған боздақтар,
Ешбір адам өлемін деп ұшпайды.
Ақ жолыңды бере көр деп, әр таңым,
Мен де жиі көк жүзінде жортамын.
Шарасызбын,
Бір құдайға сыйынып,
Самолетке мінген сайын қорқамын.
Адамдар-ай,
Қашан енді ұғасың?
Еңіресін, есіркесін, жыласын.
Сақтанғанды дейді құдай сақтаймын,
Жауапкерлер көтеріңдер күнәсін.
Ойлаймын деп қара бастың пайдасын.
Қараңдаршы,
Заман қандай,
Қай ғасыр?
Қасқыр болып тонап болдың халқыңды,
Түлкі тірлік асырып жүр айласын.


Жыла мейлі,
Еңіреп не ұтасың?
Өксігіңді тамағыңа жұтасың.
Қанмен келген табысыңды сәт келсе,
Бір күндері,
Бір күндері құсасың.
Ашындырды бұл тіршілік елдегі.
Қатты айтты деп жазаларсың сен мені.
Отыз жылда өзгермеген жүйем-ай,
Ер ұл емес,
Еріккеннің ермегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу