Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  1042


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Құқығым бар...

Өмір мынау,
Тәй-тәй басқан талабым,
Тірлігіндей еңбектеген баланың.
«Осы күнде нені қарық еттім» деп,
Бір бұрылып,
Өткеніме қарадым.
Не берді деп,
Иықтағы пагоным,
Дейсіңдер ме,
«Жүрген жолы, ақ оның» ?
Кейде әрине, көңіл шіркін қалып жүр,
Шал-кемпірді сүйрегенде амоның.
Сап түзетер, сардарлы ғой саясат.
Заңды сыйлап, адамдарды аясақ.
Жаны күйген бір сарбазды көргенмін,
Шешіп кеткен, фурашкасын қоя сап.
Өз ұланың,
Өзіміз ғой би еткен.
Сүрінгенді өзің де бір, сүйеп пе ең?
Елжіреген жүрегі бар оның да,
Жаратылған етпен және сүйектен.
Үй көрмейді,
Күні-түні тынбайды,
Ақ жағасын,
Жаман да оның, былғайды.


Қызметінде шейіт болған сарбазым,
Ұл-қызыңның,
Мұң-зарын кім тыңдайды?
Неге жұртым табалайды, түңілсе?
Заман тыныш,
Адам тыныш бүгінше.
Кім қорғайды?
Ойланайық ағайын,
Қас дұшпаның қару алып жүгірсе.
Жүгенсіздер құқығыңды таптаса,
Кінәсізді кінәлілер жақтаса.
Арашаға түсетін де осылар,
Арыздарың қаралып бір, жатпаса.
Оқшантайың өзі атылмас білтелі.
Пендешілік,
Қашан қалар бұл тегі?
Жақсылардың панасында қап қойып,
Қарын майды, бір құмалақ шірітеді.
Ойланшы бір,
Сілкіп тұрып санаңды.
Қылмыскер жүр,
Қала түні қараңғы.
Қарындасты ұстап алып зорласа,
Тонап,
Қорлап, ұрып кетсе балаңды.


Кімге барып шағынасың, жылайсың,
Басқа берді,
Дейсің бе әлде, «Құдай сын»?
Қаскөйлердің жолын кесер сол жандар,
Адамдар-ай,
Қайбіріне ұнайсың.
Әділ болсақ,
Туралықты ту етіп,
Алайықшы іргемізді түзетіп.
Ұландарға басымызды иейік,
Жүрген жанға тыныштықты күзетіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу