Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  67


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Ақборан көңіл

Өмір-ай, арманым көп, күдер үзбей,
Жүрсе екен ақбозатым шідер үзбей.
Елордада ақ боран борап жатыр,
Бұрқылдап менің шатақ мінезімдей.
Буырқанып бораймын, басыламын.
Көз жасымды жанарға жасырамын.
Ренжітсем біреуді ертеңіне,
Кешірім сұрайын деп асығамын.
Тағы емеспін баулыған дала заңы.
Жақсылар, жақсы жанға қарасады.
Ақылы асқан жандарды, аға деумен,
Жөн сұрап жүрсем егер жарасады.
Көңілім қашан енді жай табасың?
Білемін ұтпасымды тайталасып.
Ақ пейіл ниетіммен келіп жатсам,
Сен де күт құшағыңды айқара ашып.
Жақын білгің кеп жүрсең, егер мені,
Өмірімді айтып тұр өлеңдерім.
Ала болсаң кетеді ауыздағың,
Түгел болсаң бақ қонар төбеңдегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу