Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  311


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Ер намысы - ел намысы

Мазалаған әр қазақтың көкейін,
Тірлік болды, қапаланбай не етейін.
Болған жайды өз ойымша саралап,
Бұл тірлікке баға беріп кетейін.
Су сұраса еріндері кезеріп,
Төр ұсынып, қымыз берген ел едік.
Аш сірке боп төске өрледі келімсек,
Бит боп шақты қанды сорып, кенеліп.
Дала заңын қастерлеген, құранды.
Дархан елміз қасиетті, шыдамды.
Құрмет тұтып ақ сүт беріп шығарған,
Адам түгіл, үйге кірген жыланды.
Тілеп алып не көрінді кесірді?
Дүние боқ, жоғалттың ба есіңді?
Асын ішіп, дағараға құсатын,
Ұлт екен ғой, бет пердесі шешілді.
Тыныш өмір сүргің келсе көшеңде,
Арылғайсың көркөкірек, кеселден.
Қазақ көрсе қонақ етпей жібермес,
Сыйластықты үйреніңдер Шешеннен.
Тіршілігі тап тұйнақтай келіскен.
Тіл білуді үйреніңдер Немістен.
Тамырымен жұлынып бір кетпеңдер,
Сыздауық пен көзге шыққан теріскен.


Намысымыз, өр рухымыз, бұрынғы.
Ұлға қонсын,
Қызға қонсын бұрымды.
Ата заңды қайта жазар күн туды,
Ең бастысы қайтарып бер, тілімді.
Жақындығың ұлтың емес, дінің дер.
Қазақ деген, жомарт халық біліңдер.
Қазақ елі отаның ғой, бірақ та,
Шаңыраққа қарап қойып жүріңдер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу