Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  92


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Әкеме сыр

Құр сүлдерің, кеңіп қапты жәкетің,
Мықты едің ғой,
Жүдеп қапсың әкешім.
Әкем кірді, -дедің маған- түсімде,
Бекасылдай ертіп алып Жәкесін.
Ұйықтамадым,
Тынышыңды қорыдым.
Анамды ойлап, басылмай жүр солығым.
Сырқаттандың,
Әруақ жаны қозғалды-ау,
Тәуір болып кетеді деп жорыдым.
Түске тегін кірмес әулие Бекасыл.
Немереге алаңдапты-ау, тегі асыл.
Ана дейміз,
Оның да орны ерекше,
Әке деген қамқоршы жан, ең асыл.
Тылсым дүние,
Әруақтар-ай, жанашыр.
Құдірет-ай,
Еріксіз таңғаласың.
Бір ғана емес, бірнеше рет сынақтан,
Сүйген құлын ажыратып алатын.
Құдай ұлық, аруаққа да сеп берген.
Пендесін де кешіретін, жек көрмен.
Анамызды алып кеттің, жылаттың,
Әкемді алма қиянатты көп көрген.


Сағынасыз,
Сездірмейсіз білемін.
Қалай жалғыз дейіз өмір сүремін.
Апам барда бұл-бұл жайнап тұратын,
Солғын тартып қалыпты әке реңің.
Кәрілік қой демеші әке тап берген.
Уайым ғой, бұл жағдайға ап келген.
Апам кетті,
Сол уайым жеп жүр-ау,
Қал-жайыңды сұрап жүрмін әпкемнен.
Елеңдеймін, аңсап тұрам ауылды,
Сонда қалған туысқанды, бауырды.
Емдеттім де, шипа сұрап Алладан,
Ойға батып етжүрегім ауырды.
Өмір заңы,
Біреуге ерте, кеш деген,
Күйбің тірлік,
Ерте кетіп, кеш келем.
Оны бағу, ол да менің міндетім,
Немереңді құшағыңда өспеген.
Жалғаймын деп дара жолды, ізіңді.
Бабалардың жүріп өткен ізі үлгі.
Мендегі өмір, мендегі өлең әзірше,
Арыстардың еңбегінен үзінді.


Жүйріктердей жүйткісін деп, қаламым,
Жезкиігі болсын дедің даланың.
Кенже едім ғой қолда ұстап қалмадың,
Білім іздеп кеткенімді қаладың.
Он саусағың өнер тамған, ісің де,
Тегің ұлық,
Еңсеңді әке түсірме.
Тілеп жүр-ау саулығыңды анашым,
Келіп кетіп жүреді екен түсіңде.
Уақыт-сағат ештеңені күтпеген.
Бұралғанды бұрап өмір бүктеген.
Маған айтқан тәмсіліңіз, есімде,
Қиналсаң да бәрін жеңіп шық, деген.
Тағдыр желі болсадағы аңызақ.
Шүкірміз ғой,
Киелі ғой шаңырақ,
Ұрпағыңның ортасында жүрші әке,
Мерекеде жиналатын жамырап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу