Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  70


Автор: Бауыржан Үсенов

КҮМІС ҚҰЛЫН

Өлеңімнің дәлелдеп дұрыстығын,
Өркеудемен басталды ұрыс бүгін.
Жүрегімнің жайлауын дүбірлетіп,
Ойнақ салып шыңғырды Күміс құлын.
Күміс құлын,
Құлдығым қоңыраулы,
Тумай жатып көрдің бе омырауды.
Мүмкін жүйрік шығарсың еркек туған,
Жүйріктердің қашан да жолы даулы.
Жүйрік туса азап пен сор туады,
Сойлып ұрып тірсектен сол қуады.
О, қиялдың бөбегі, қайтсем сені,
Қаперіне кірмеген қорқу әлі.
Тақта жел боп алдыңнан өрілермін,
Қарақшың боп түбі бір көрінермін.
Қамсыз – мұңсыз қанатты күміс құлын,
Естимісің дауысын бөрілердің.
Жанған шырақ түнекте жоғалады,
Таңқалумен келеміз соған әлі.
Қылыш азу арландар қан тілеген,
Құлыныңнан таласа не болады?
Келісім жоқ,
Бүгінгі ұрыс бөтен.
Тоқпақтайды үстелін “қырыс көкем”
Күміс құлын,
Мен сені көкірегімнен,
Шығармай-ақ қойғаным дұрыс па екен?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу