Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  70


Автор: Бауыржан Үсенов

МОЙЫНДАУ

Қанша арманның ірге тасын қаладым,
Қадірін білмей ақ көз жастық қиратты.
Бұл ағаңа тарпаң тағдыр, қарағым,
Азапты да ауыр жолын сыйлапты.
Құлынымнан бір қазыққа байландым,
Тең баса алмай аңсап жүрді қолау жыр.
Өркөкірек жас ақынға айналдым,
Алматыға келгеннен соң сонау жыл.
Құла тайым жазылған соң аяғы,
Дүбірі сан тобыр топтан естілген.
Қымыз ішіп,
Қыз қуатын баяғы,
Серілердің сергелдеңін кештім мен.
Дүние шіркін, пейіш құсап құлпырды,
Сол пейіште тоты құстай күй кешкем.
Ал, көкірек көз көрмеске ұмтылды,
Түсер жолдың оңайлығын білместен.
Қанша арудың тоят алдым төсінен,
Қанша сенім биігінен құладым.
Ақкөз жастық,
Мен өзіңді кешірем,
Есін білмей ентелеген бұлағым.
Арда тайдай көнбей тұғын жетекке,
Кештеу қақты өмір маған тағаны.
Тау бұлағы түскеннен соң етекке,
Бүлік түгіл, бүлкілдемей ағады.
Жиырма беспен хош айтысып отырмын,
Жолбарыстай жүректі де білекті.
Күшік құсап қынсылаған соқыр мұң,
Сені көріп кеміруде жүректі.
Ойлайды-ау ел,
“Табысқан деп қос ғашық”,
Мен отырмын күнәлі ойды жолатпай.
Мен отырмын жастығыммен қоштасып,
Мұхаммедті мойындаған монахтай.
Бар, қарағым –
Қарайлама артыңа,
Шаттық түбі шымырлаған жер болар.
Бұдан кейін үйір болма жалқыға,
Үйір-үйір бақыт қонған жерге бар.
Бар, қарағым,
Қарайлама артыңа,
Алдыңда әлі күтіп тұрған өкпек көп.
Көн құрысса кеп қалады қалпына,
Көңілімді бұза бермей жоқ боп кет.
Көңіл тасып, бола алмаймыз қос ғашық,
Күрсінемін,
Күнәлі ойды жолатпай.
Мен отырмын жастығыммен қоштасып,
Мұхаммедті мойындаған монахтай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу