Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  157


Автор: Бауыржан Үсенов

ҚҰДАША

Самал лүп-лүп етеді,
Тынар таудан әрі асса.
Бойым балқып кетеді,
Құдаша қыз жанасса.
Әзілімен өңгеріп
Сылдыр-сылдыр күледі.
Құрбыласын тең көріп,
Ашық-жарқын жүреді.
Қирай ағаш боп қалдық,
Келе сала қаладан.
Сөз айтуға оқталдық,
Хат жібердік баладан.
Жинап жүрсе гүл десте,
Жайнап кетер жарасып.
Керек десең бір кеште,
Төбелестік таласып.
Өңшең бала қораздар,
Дүниені көшірген.
Махмұт бар, Ораз бар,
Қойшыбай, Бек, сосын мен.
Қызыл шие болдық та,
Жаннан безіп түңілдік.
Көне алмастан қорлыққа,
Құдашаға жүгіндік.
“Рыцарлар” деп күлді,
Сәл мұңдылау көзбенен.
Ішімізді кептірді,
Содан кейін сөзбенен.
“Біреу, деді, – жүрегім
Жұрдай қылды үміттен.
Сөз байласқам, жүремін
Қалада бір жігітпен.
Сендердікі ойын, ә,
Албырт достар арынды.
Келесі жыл тойыма,
Шақырамын бәріңді.”
Құм құйылды ауызға,
Жағдай ептеп жөнделді.
Қаладағы “жауызға” ,
Бұйыратын болды енді.
Құдашамыз тәтті еді,
Жан біткеннің құмары.
Көп жігіттің әттеңі,
Көкейінде жүр әлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу